Кіші Аралға жиналған су құмға кетуі мүмкін – Сенат төрағасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қызылордадағы Көкарал су бөгетінің жай-күйі мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикер осыдан 5 жыл бұрын бөгеттің бір бөлігін су шайып кеткенін, соның салдарынан бүлінген учаскенің көлемі 200 метрге жеткенін айтты.

«Осыдан екі апта бұрын біздің депутаттар Арал қаласында өзбекстандық сенаторлармен кездесіп, Аралды қалпына келтіру мәселесін жан-жақты талқылады. Сонда депутаттар Көкарал бөгетіне арнайы барып, оның жағдайын өз көздерімен көрді. Жалпы, Көкарал – Кіші аралдағы суды Үлкен Аралға жібермей сақтап тұруға арналған стратегиялық маңызы бар нысан. Егер осы бөгет шайылып кетсе, осынша жыл Кіші Аралға жинаған суымыз құмға сіңіп кетеді. Оған қаншама қаржы бөлінді, Дүниежүзілік банктің көмегін де алдық, Үкімет те қаржы бөлді. Сол суға тұтас өңірдің халқы қарап отыр. Егер су деңгейі төмендеп кетсе, үлкен әлеуметтік, экономикалық, экологиялық салдары болатыны белгілі. Ашығын айтсақ, үлкен апат болады. Бірақ оны жөндеу жұмыстарына қатысты немқұрайлық бізді алаңдатып отыр. Сондықтан бөгетті күрделі жөндеу жұмыстарын дереу бастаған жөн», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасының айтуынша, қазір Қызылорда облысының әкімдігі бөгетті жөндеуге қатысты құжаттарды әзірлеген. Соған сәйкес аталған жұмысқа жалпы 5 млрд теңгеге жуық қаражат керек. Ал жөндеу жұмыстарын биыл бастау үшін 500 млн теңге қаражат қажет.

Мәулен Әшімбаев Қаржы министрлігіне және Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне осы мәселеге назар аударып, биылға тиісті қаражатты бөлу мүмкіндігін қарастыру қажет екені жеткізді. Ал, қаражаттың негізгі бөлігін күзде 2023 жылғы бюджетке енгізуді ұсынды.

Айта кетейік, бүгін Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022–2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заңына өзгеріс енгізу туралы» және «2022–2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарды қарап, қабылдады.


Соңғы жаңалықтар