Қисайған үй сүрілетін болса, тұрғындардың жағдайы не болмақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Зерделі» шағынауданындағы қисайған үйдің тұрғындарымен кездесуде ғимарат сүрілген жағдайда не болатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесу барысында әкім осындағы 72 пәтердің тұрғындарын көшіруге дайын екенін жеткізген болатын.

«Шешім қабылданды. Тиісті қаулы шығарылып, қаражат бөлініп жатыр. Бастапқы кезде рұқсат етсеңіздер, сіздер үшін 72 пәтер жалдап береміз. «Қажеті жоқ, өзіміз табамыз» десеңіздер, онда пәтер жалдағаныңыз туралы құжатыңызды көрсетесіз. Біз оның жалдау ақысын толықтай төлеп береміз. Ақша аудан әкімдігінің есепшотына түседі. Бірінші жұмыс күні – 18 желтоқсан. Оған дейінгі мереке күндері сіздер әкімдікке ақша аударылатын банк картасының нөмірін ұсынуға тиіссіздер. Бұл шаруаны неғұрлым тезірек тындырсақ, соғұрлым жақсы», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Әкімнің айтуынша, аталмыш үйдің тағдыры тиісті сараптамадан кейін белгілі болады.

«Бір айдан кейін мамандар үйді қалпына келтіруге болады десе, біз оны қалпына келтіреміз. Барлық қызметтерді іске қосамыз. Ал егер мамандар қорытындысы ол үйде тұруға болмайтынын көрсетсе, біз ол нысанды сүріп тастаймыз. Барлық пәтердің иелері әкімдік есебінен жаңа пәтер алады. Келіссеңіздер, бұл іске бүгіннен бастап кірісеміз», - деп атап өтті шаһар басшысы.

Ол, сондай-ақ, тонап кетпес үшін үйді полицейлер күзететінін жеткізді. Одан бөлек, Бақытжан Сағынтаев «Зерделі» шағынауданындағы барлық үйлер тексерілетінін айтып өтті. Егер қандай да бір ақау табылса, жауапты адамдар жазаланады.

Еске сала кетейік, 11 желтоқсанда Алатау ауданындағы Зерделі шағынауданының тұрғындары үйінің қисайғанын айтып, дабыл қаққан болатын. Ал қалалық әкімдік арнайы тексеру нәтижесінде тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ екенін айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар