Кірісін жоғалтқан азаматтарға берілетін төлем бойынша бұйрық бүгін шығады
«Бұйрықта төтенше жағдайлар кезіндегі әлеуметтік төлемдердің берілу ережесі көрсетіледі. Қайталап айтамыз, бұл төлемдер Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорынан төленеді», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Хабар 24» арнасындағы онлайн режимдегі баспасөз мәслихатында.
Дәурен Абаевтың айтуынша төлем 2 түрлі болады.
«Біріншіден, төтенше жағдайға байланысты ақысыз еңбек демалысына шыққандарға - оның көлемі айына 42 мың теңге. Бұл ұсақ, шағын және орта бизнестің қызметкерлері болуы мүмкін. Олар кейінгі жылы мемлекеттік қорға 3 рет аударым жасауы керек. Қажетті өтінімді жұмысшы емес, жұмыс беруші жасайды. Өтінімді аудандық және қалалық жұмыспен қамту штабтарына беру керек. Төлемдер төтенше жағдай аяқталғанша жүреді», - деді ол.
Төлемдердің екінші түрі – жұмыстан шығып қалғандарға қатысты. Олар төлемдерді 1 айдан 6 айға дейін алады.
«Төлемдердің көлемі айлықтың 40% құрайды. Өтінім берудің еш қиындығы жоқ. Жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеліп, арыз беру қажет. Арызды онлайн беруге болады», - деді Дәурен Абаев.