Кіреберісте түнеп жүрген адамға алматылықтар баспана тауып берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қайырымды жандар үскірік аязда далада қалған ер адамның баспана жағдайын шешіп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күн қатты суытып кеткенде барар жер, басар тауы қалмаған тараздық ер адам көпөабатты тұрғын үйлердің бірінің кіреберісінде түнеп жүрген. Ер адамның мүшкіл жағдайы туралы тұрғындардың бірі Наталья Василенко Фейсбуктегі парақшасында жазды.

Натальяның айтуынша, ер адам 2 ай бойы жалақысын ала алмағандықтан пәтерақысын да уақытында төлей алмаған. Сол далада қалған көрінеді.

Жарияланған жазбадан соң Қазақстанның әр түкпірінен, тіпті Ресей мен Түркиядан қайырымды жандар хабарласа бастаған.

«Төлеген 26 қаңтардан бастап жылы пәтерде тұрып жатыр. Ішінде диван, асүй бар. Жылы киім мен ұялы телефон ертең жеткізіледі. Ер адам пәтер ақысын төлей алмаған соң құжаттарын ерікті түрде үй иесіне берген.  Қазір үй иесін іздестіріп жатырмыз. Егер таппасақ, құжат жоғалту туралы арыз түсіреміз», - деді алматылық келіншек.

Төлеген подьезде тұрып жатқанда баспалдақтан құлап жарақат алған.

«Төлегенге 6 жыл бойы бірге жұмыс жасаған Сергей есімді азамат көмектеспек болды. Алайда екі күн бұрын баспалдақтан құлап қалғандықтан, ол әлі жұмыс жасауға қауқарсыз. Бірінші ол травматологта қаралады», - деді Наталья.

Төлеген Алматыға бірнеше ай бұрын Тараздан келген. Оның отбасында қартайған әкесі мен кәмелетке толмаған екі баласы қалған. Жары қайтыс болған соң ер адам Алматыға нәпақа іздеп келген. Қалада басында құрылыста, кейін аула сыпырушы болып күн көрген.

Соңғы жаңалықтар