Кинотуындылар мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған жүйесі құрылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Кинотуындылар мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесі құрылады. Бұл жайында еліміздің Мәдени саясатының тұжырымдамасын таныстырған Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тағы бір өзекті мәселе – қазақстандық фильмдерді Netflix сияқты стримингілік платформалар мен онлайн-кинотеатрларда орналастыру. Фильм түсіру мен прокатты жүйелеу үшін елімізде кинотуындылар мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізіліп келеді. Ол нақты келушілер, кассалық түсім, статистикалық деректер және басқа да ақпаратты беретін болады», - деп жазды министр Telegram-парақшасында.

Сондай-ақ А.Оралов қолданыстағы «Кинематография туралы» Заңға түзетулер енгізу, оның ішінде мемлекеттік қаржылай қолдау алған фильмдерді ілгерілету және прокатқа шығару, Мәдениет және спорт министрлігінен фильм өндірушісіне айрықша құқықтарды беру мәселесі пысықталатынын айтады.

«Осы іс-шаралардың нәтижесінде 2030 жылға қарай жалпы кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесін 35 пайызға, ал қазақ тіліндегі фильмдердің үлесін 30 пайызға дейін арттырғымыз келеді», - деді Асхат Оралов.


Соңғы жаңалықтар