Кіндік шешенің мәні кетіп, «крестный әке» құрметті бола бастағаны қалай - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін газеттерге шолу ұсынады.

Жат жерде қалған боздақ - «Ońtústik Qazaqstan» газеті

null

«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ойымызға ә дегенде оралатын оқиғалардың бірі - Созақ көтерілісі. Көп жылдар бойы «бай-құлақтардың бүліншілігі», «Кеңес өкіметі жауларының қастандық әрекеті» деп бағаланып келген оқиға шын мәнінде әділеттілік аңсаған азатшыл рухтың оянған көрінісі еді. Бұл - сол кезде мал-мүлкі талауға түсіп, түрлі алым-салықтан әбден сілікпесі шыққан халықтың «өлсек, жастығымызды ала өлейік» деген жанайқайы, кетіп бара жатқан кегі, намысы еді» деп жазады «Ońtústik Qazaqstan» газеті.

Мақалада автор Қазақстанда совет өкіметінің саясатына қарсы 367 көтеріліс болғанын, алайда солардың ішіндегі ең ірісі ретінде тарихта қалған Созақ көтерілісі әлі күнге дейін егжей-тегжейлі зерттеліп, өзінің шынайы бағасын алмағанын жазады. Келер жылы Созақ көтерілісін 90 жыл толатынын, алайда, осы көтеріліске қатысқан ерлердің ерлігі дәріптелмегенін айтады. Соны алға тарта отырып, автор осы қанды қырғынға қатысқаны үшін қаншама жыл қуғын-сүргін көріп, топырақ жат жерден бұйырған тұлғаның бірі туралы жазыпты. Ол - Қорғанбек Досымбеков. Мақалада оның өмірі, тағдыры мен кешкен тауқыметтері туралы әңгімеленеді. Қорғанбек Досымбековтың берген түсініктемелерін келтіре отырып, сол қасаң замандағы қоғамның өмірін, ондағы адамдардың жағдайын көз алдыға келтіре суреттейді. Кейіпкерге қалай жала жабылғанын келтіре отырып, 1937 жылы 1 наурызда жоғарыдағыдай айыппен 10 жылға сотталып, сол кеткеннен елге қайта оралмағанын айтады.

«Сонда оған куәлердің көзінше «Социалды Қазақстан» газетін жерге лақтырып, оған ащы мысқылмен күлді және коммунистік партия мен оның көсемінің атына боқтық сөздер айтып, ұжымшарларды тарату туралы пікір айтты» деген бірнеше адамның жауабы негізінде айып тағылған. Кейін інісі Сәрсенбай Досымбеков бертін келе дүние салған Оспан қариядан ол кісінің соғыс жылдарында Иркутск қаласының маңайындағы түзеу мекемелерінің бірінен Қорғанбек атасын кездейсоқ жолықтырып қалып, едәуір сөйлескендерін, сол кезде оның «мені көрдім деп ешкімге тіс жара көрме» деп айтқан әңгімесін еске алады. Атамыз неге олай айтты екен? Әлде, қу жүрегі елге тірі оралмайтынын сезді ме екен?» деп аяқталады мақала.

Айдалада ақбоз үй... - «Арай» газеті

null

Бұл мақала да Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орайластырылған екен. Онда автор қазаққа қарсы қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтың кезеңдеріне тоқтала келе, 1919-1922 жылдары орын алған зұлматты да терең зерттеу керектігін алға тартады. Бұл ретте Ахмет Байтұрсыновтың 20-жылдардағы аштық жөнінде 1922 жылғы «Қазақ календарында» жарияланған «Тәні саудың - жаны сау» атты мақаласынан үзінді келтіреді. Онда Ахаң былай деп жазыпты: «...Өткен қыста аштық болды. Ашыққан адам бірінің етін бірі жеді. Өліктің етін жегені былай тұрсын, өлмеген тірі адамдарды малша ұрлап, малша сойып жеді. Қалаларда түн болса, көшеде жүруге болмады. Мезгілсіз уақытта көшеде жүрген адамдарды жылқы сияқты бұғалық салып, буындырып ұстап, сойып жейтін болды. Анасы баласының етін жеуге жетті... Аштықтан адамның тәні азып еді, жаны да азып, ес кетіп, адамгершілік жоғалып, адам хайуаннан да жаман болып кетті...».

Осыны көрсете отырып автор бұл мақала жазылғаннан кейінгі халықтың жағдайы одан сайын ушыққанын, оған қатысты архив деректері мен шығармаларды оқыған адамның жаны түршігетінін айтады. Мақалада Тұрар Рысқұловтың Сталинге жазған хаты туралы да айтылады. Бұдан бөлек, автор ашаршылық заманын көзбен көріп, бастан кешірген анасының естелігін де жариялаған. Бақуатты отбасының байлығын тәркілеген соң қырғызға ауа көшіп, сонда жан сақтаған екен. «Біз жол-жөнекей не қиындық көрмедік десеңізші! Жол азабы, ауызсу тапшылығы да бар. Аш-жалаңаш адамдар, кісі өліктері аяқ басқан сайын кездесіп отырды. Бірде айдалада сәулеті ерекше көз тартарлықтай алты қанат киіз үйге тап болдық. Қызылды-жасылды жасауын көрсең сен оның! Құрылған ақ шымылдық ішінде құшақтасқан күйлері бақилық сапарға аттанып кеткен ерлі-жұбайлыларды көрдік, сонда. Ал шымылдық қол тиюі мұң екен, іріп түсті. Айдаладағы ақ боз үй өңімнен, түсімнен бір кетпейді...» депті анасы.

Мақалада автор өз бабаларының, ауыл аймағының басынан өткен түрлі жайттарды да баяндайды. «Алпысыншы жылдардың төліміз ғой. Әкемнің қасқырға, шибөріге, түлкіге, қоянға салатын қандыауыз қақпандары бертінге дейін үлкен тал басында шынжырлары сүйретіле ілінумен тұрды. Оларға әкемді, біраз ауыл адамдарын ашаршылықтан құтқарғаны үшін құрметім шексіз еді. Қазір де сондай көзқарастамын» деп түйіндеген екен автор.

Мұхтардың креслосы, Міржақыптың үстелі, Жұмекеннің жүгені - «Ortalyq Qazaqstan» газеті

null

«Ortalyq Qazaqstan» газеті тарихтан жеткен тәбәріктер туралы сөз қозғапты. Негізгі әңгіме әлгіндей ұлылардан қалған, тұлғалар тұтынған заттарды тоздырмай, ұрпақтан ұрпаққа аман сақтау. Автор әңгіме ретінде баяндай келе, Мұхтар Әуезовтың өзі отырған креслоны Қалтай Мұхамеджанның үйінен көргенін жазады. Бұл әйгілі реслоға кезінде Шыңғыс Айтматовтың өзі баласын ырымға балап аунатып алған екен. Дәл осындай бір тәбәрік Гүлнәр Міржақыпқызының үйінде болған екен. «...Апамыз ас бөлмеге ертіп барып, төрт аяғы шахматтың тасындай болып жонылған биік дөңгелек үстелді көрсетіп: «Әкем мен шешем тұтынған мүлік еді. Бұл үстелден Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған алаштың талай игі жақсылары дәм татқан. Күні бүгінге дейін осы заманның жылтыр дүниесіне айырбастамай кәдеме жаратып келемін» - депті Гүлнәр Міржақыпқызы.

Сол секілді Жұмекен Нәжімеденовтің де жүгені де сақталған екен. Осы үш мысалды келтіре отырып, автор қастерлі заттардың бір кездері соның қасиетін білетін адамдардың қолында болғанын айтып, қазіргі алаңдаушылығын да ақтарып кетеді. Тіпті мұны сол қастерлі заттарды ұстаған адамдардың өзі де «кейінгі ұрпақ қадірін біле ме» деген қауіпте болғанын айтады.

«Сол қауіп әлі де сейілген жоқ-ау. Қалағаң кетті, ол қамқор болған Кресло қайда қазір? Гүлекең кетті, ол күтім көрсеткен Үстел нендей халде? Нәсіп тәтем де қартайып қалды-ау. Мағжанының үйіндегі келін енесінен кейін еншісіне тиер ескі дүниенің бәсін биіктете алар ма екен?! Көненің көзі, асылдың сынығы... Бұлар - көз жазып қалған ұлттық болмысымыздың жасушалары. Онсыз қазақтық ағза да, халықтық қазына да түгел емес. Бастауыңа орал, қазақ!» деп түйіндейді автор.

Мотоцикл мінген әже- «Дидар» газеті

null

«Мәдениет ауылының көшесінен ақ кимешекті әженің мотоцикл жүргізіп бара жатқанын көргенде таңғалғанымыз рас. Үстінде тізеден төмен, жиектері оюмен әдіптелген қызыл камзол. Тіркемесі бар мотоцикл рулін сығымдай ұстаған ол қаққан қазықтай тік отырады екен» деп жазады «Дидар» газеті.

Жазуынша, бұл 80-нен асқан әженің «хоббиіне» айналған екен. Ауылдастары да бұған көзі үйренген. Тілшімен әңгіме барысында биыл ақпан айында 80 жасқа толған Жәниқа апа өзінің техникаға бала жасынан жуық жүргенін айтыпты. Бұрын шаруашылықта токарь болған, қойма меңгерушісі қызметтерін атқарыпты. Бала жасынан велосипед жүргізген жан үшін мына көлікті тізгіндеу де қиын болмаған сияқты. Айта кетерлігі, мотоцикл тізгіндеген әженің бұл жүрісі де бекер емес екен. Оны да жайып салыпты.

«Ауыл сыртында тұрдық. Сол жерде күні бүгінге дейін тұрып жатырмыз. Бір өкініштісі, бұл жерде ауызсу жоқ. Сол ауызсу тасымал болғандықтан, осы мотоциклді сатып алғанбыз. Мына жарты шақырым болатын ауыл орталығынан су тасу оңай емес, шырағым. Одан қалса, осы көлігіме ақсақалымды салып алып, ауызашарға, той-томалаққа алып барамын» депті әжей.

Алаш қозғалысына қырғыздар да қатысқан - «Жетісу» газеті

null

«Жетісу» газеті «Ашаршылық пен үлкен террордың тарихи сабақтары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция туралы жазған екен. Оған Өзбекстан мен Қырғыздан ғалымдар келіп қатысқан екен. Айта кетерлігі, осы жиында белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелді Орталық Азия ғалымдары бірлесе жұмыс істейтін бағыттардың баршылық екенін мәселе етіп көтеріпті. Бұл ретте тарихшы Ресейдің тәжірибесін алға тартқан. Айтуынша, Ресей декабристер туралы тарихи оқиғаларды толық зерттеп, репрессия туралы он томдық кітапты жарыққа шығарыпты. Осыны айтқан тарихшы Орталық Азия тарихшылары өзара тізе қосып қимылдаса деген тілегін білдірген. Ал жас ғалым Зайнидин Курманов «Алаш қозғалысының қырғыз филиалы» атты баяндама жасап, Алаш қозғалысына көршілес қырғыз халқының өкілдері де қатысқанын, солардың қатарында Жайнап Ибрагимов, Садық Мурадалин, Иманәлі Айдарбеков секілді тұлғалар болғанын айтыпты.

«Қазір қырғыз жерінде Алаш қозғалысының қайраткері Иманәлі Айдарбековке ескерткіш орнатылды. Осы тектес басқа да ізгі шаралар қолға алынып жатыр. Егер бәріміз ортақтасып мамандар дайындасақ, зерттеу жұмыстарын бұдан да тереңдете түсетін едік», - депті ол.

Көбелек іздген Сергей - «Сарыарқа самалы» газеті

null

«Түрі жағынан ғана айырмашылығы бар болып көрінетін көбелектің 157 000 түрі бар екен. Бұлардың қатарын біздің жерлесіміз PHD докторы Сергей Титов тағы екеуге көбейтті» деп жазады газет.

Айта кетерлігі, көбелектердің ең ірісі - қанаты 30 см болатын «Attacus aitas» түнгі көбелегі екен. Ал Торайғыров атындағы ПМУ жаратылыстану және химиялық технологиялар факультеті және «Мониторинг» ғылыми-зерттеу экологиялық орталығының жас ғалымы Сергей Титов дәл осы түнгі көбелектің екі түрін анықтаған екен. «Сергейдің зерттеу жұмысына көбелектің 485 түрі алынған. Осының ішінен әлемдік ғылымда еш жерде аты кездеспеген көбелектің екі түрі барын анықтаған. Олар Orthosiaronkayorum және Victrixakbet деп аталады екен» деп жазады газет.

Кіндік шешенің мәні кетіп, «крестный әке» құрметті бола бастағаны қалай... - «Сыр бойы» газеті

null

Мақалада халқымыздың салт пен дәстүрі, әдет-ғұрпына соңғы жылдары дәйекті көңіл аударылмай бара жатқаны жазылыпты. Бұл ретте автор «кіндік шеше» ұғымының мәні туралы тоқталыпты. Бұрынғының кіндік шешеге деген көзқарасы мен бүгінгінің ұстанымын да салыстырыпты. «Шын мәнінде, "кіндік шеше" деген ұғымның мәнін кетіріп, оған деген құрметтің маңызын жоғалтып алғандаймыз. Қазіргі жастардың түсінігінде кіндік шеше әркімнің өзінің жақын адамы. Оны да «сен баламның кіндік шешесі» боласың деп жай ғана таңдай салады. Оған жүктелетін міндет - перзентханадан дүркіретіп шығарып алу, балаға киім-кешек пен қажетті асай-мүсей заттарын алып беру. Болды. Осындай түсініктен әрі аса алмай әр саққа бір аунап, әбігерге түсіп жүрміз» дейді автор.

«Кіндік әке» деген терминнің пайда болғанына да налиды. Айтуынша, соңғы жылдары тіпті үйленбеген, сұр бойдақ жігіттер де кіндік әке атанып жатыр екен. Батыстан келген «крестный» деген атауды санадан шығаратын уақыт жеткенін алға тартады.

«Ұрпағым ұлықты болсын десең, ұлт болашағы - балаңызды осы бастан ұлттық дәстүрмен сусындатқаныңыз абзал. Болмаса өзгенің қаңсығына бой алдырып, арындап қалуыңыз ғажап емес. Бұған сіз не дейсіз, қадірлі оқырман?!» деп түйіндейді автор.

Тұрақ таппай туған жер топырағынан... - «Маңғыстау» газеті

null

Газетте 1887 жылы дүниеге келген, өңірге кеңінен танымал, ислам бағытындағы ағартушы Тұрман ахун Көрпежанұлы туралы мақала жарияланыпты. Онда ахунның өмірі, оның ұрпағы туралы айтылады. Келтірілген дерекке қарағанда, ахунның ұрпағы да, өзі де советтік қызыл саясаттың құрбаны болған.

«Тұрман ахунның өзін бүкіл отбасымен, тума-туысқандарымен 1930 жылы большевиктік қызыл әскерлер қарулы жасақпен келіп бір түнде қырып салады. Кейбір деректерге қарағанда сол кезде 17 адам құрбан болған көрінеді. Жалғыз кенже інісі Нұрғали мен ахунның жалғыз қызы Ақбалай Тұрекеңнің шейіт болған жерін тауып, 1965 жылы басын қарайтып, мола салған. Оған ахунның Бегейден шыққан шәкірті Айбас молданың көп көмегі тиген деседі».

Соңғы жаңалықтар