Кінәсіз адам қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы  тиіс - Ішкі істер министрі
2022 жылғы 23 қыркүйек 22:52

Кінәсіз адам қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы тиіс - Ішкі істер министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кінәсіз адам қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы тиіс. Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, м инистр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ішкі істер органдарының алдына қойған басым міндеттеріне тоқталды.

«Ауқымды реформаларды жүзеге асыра отырып, құқық қорғау жүйесін дәйекті түрде трансформациялау негізгі бағыт болып табылады», - деді ІІМ басшысы.

Ол қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамаларын жетілдіру, қылмыстық үдерісті цифрландыру жағдайында қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыру үздіксіз талап етілетініне назар аударды.

«Істі тергеу кезінде тергеуші болған оқиғаның шынайы бейнесін анықтауға міндетті. Оқиға орнын дұрыс тексеру - қылмыстық іс бойынша дәлелдердің негізгі көзі және сәтті тергеудің кепілі. Кінәсіз адам қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы тиіс», - деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Министрдің пікірінше, әдептілік пен құзыреттілік - полиция қызметкерінің ең маңызды қасиеттері.

Семинар-тренингте сондай-ақ ІІМ тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов, көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев жас тәртіп сақшыларына тергеу жұмысының ерекшеліктері жөнінде айтып берді.

Тренингке ІІМ, Астана қаласы, Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстары полиция департаменттерінің қызметкерлері, прокуратура өкілдері, бірқатар ЖОО студенттері қатысып, пікір алмасты.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT