Ким Чен Ын: Корея түбегіндегі жағдайды тұрақтандырдық

None
None
ПХЕНЬЯН. ҚазАқпарат - Сейсенбі күні Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ын өңірді тұрақтандырған Америка Құрама Штаттарымен  Корея түбегін ядролық қарусыздандыру туралы келіссөздерді ілгері дамытуға үміттенетінін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ренхап агенттігіне сілтеме жасап.

Ким мұндай пікірді Оңтүстік Корея президенті Мун Чже Инмен Пхеньяндағы үшінші екіжақты саммит кезінде білдірді. Ол 12 маусымда Сингапурде АҚШ президенті Дональд Трамппен тарихи кездесу өткізуге ықпал еткені үшін Оңтүстік Корея президентіне алғыс айтты.

«Президент Мун Солтүстік Корея мен АҚШ арасында тарихи келіссөздер өткізуге көмектесті», - деді Солтүстік Корея көшбасшысы Пхеньяндағы саммитте.

«Осының арқасында өңірдегі ахуал тұрақтанды. Президент Мунның қосқан үлесі үшін тағы да рахмет айтамын», - деді Ким.

Айта кеткен жөн, Оңтүстік Корея президенті осы саммит барысында солтүстіккореялық әріптесін «батыл шешім қабылдағаны» үшін мақтады.

Мун Пхеньянға таңертең ерте келіп, осы елге келген Оңтүстік Кореяның үшінші көшбасшысы атанды. Көшбасшылар кездесуі Корея Жұмыс партиясы Орталық комитетінің штаб-пәтерінде өтті. Бұл Солтүстік Корея көшбасшысының шетелдік мемлекет басшысын Жұмыс партиясы Орталық комитетінің кеңсесінде алғаш рет қабылдауы еді.

Кездесу барысында Оңтүстік Корея президенті әлемге Солтүстік Кореяның Корея түбегін ядролық қарусыздандырып, бейбітшілік орнатуды қалайтынын көрсету қажеттігін атап өтті.

«Бүкіл әлемнің назары бізде, сондықтан әлемдегі барлық адамдарға бейбітшілік пен гүлденудің жемісін көрсетеміз деп үміттенем», - деді Мун.

Басқосу жергілікті уақытпен кешкі сағат 5:45-те аяқталды. Мун мен Ким сәрсенбі күні таңертең келіссөздердің екінші кезеңін өткізу үшін кездеседі. 

Соңғы жаңалықтар