Кілтін алып қойған: СҚО тұрғыны таксидің мас жүргізушісін ұстап берді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда көлікті мас күйде жүргізген такси жүргізушісін полицейлер жолаушының көмегімен ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 қазан күні таңертең «102» арнасына Петропавл тұрғыны хабарласқан. Ол таксиде келе жатқанын және жүргізушіден спирттік ішімдіктің иісі шығып тұрғанын айтқан. Оның жүргізу тәсілінен қауіптеніп, көлікті тоқтатуды өтінген.

Аталған факті бойынша кезекшілікте жүрген патрульдік полиция батальоны экипажына шұғыл бағдар берілді. «Volvo» автокөлігі Горький көшесінен табылды. Жолаушы жүргізушіден көлікті тоқтатуды өтініп, полицейлер келгенше одан кілтін алып қойған екен. Тәртіп сақшылары такси жүргізушісін медициналық куәландыруға жеткізді, нәтижесінде оның мас болғаны расталды.

Полицейлер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша материал жинап, сотқа тапсырды. Сот шешіміне сәйкес, мас күйде көлік басқарған 48 жастағы жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.

«Жолаушының әрекеті өзінің және құқық бұзушының өміріне төнген қауіптен сақтап қалғаны жайлы атап өткен жөн. Мас күйде көлік жүргізуге болмайды, себебі барлық жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнеді. Облыста 9 айда мас жүргізушілер 16 жол-көлік оқиғасын жасады, онда 5 адам қаза тауып, 22-сі жарақат алған. Осындай оқиғалардың алдын алуға рейдтік және жедел-профилактикалық іс-шаралар септігін тигізеді. Қаңтардан бастап облыс жолдарында спирттік ішімдік ішіп рөльге отырған 849 көлік жүргізушісі ұсталды», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах.


Соңғы жаңалықтар