Килиан Мбаппе «ПСЖ» командасының 3 мыңыншы голын соқты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «ПСЖ» шабуылшысы Килиан Мбаппе Франция чемпионатында өз командасының 3 мыңыншы голын соқты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сhampionat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, «ПСЖ» Франция біріншілігінде осындай көрсеткішке қол жеткізген 12-клуб атанды. Бұл үшін париждіктерге 1 858 матч қажет болды. Тек, «Марсель» (1 801) мен «Сент-Этьен» (1 816) ғана аз ойындарымен осындай межеге жетті.

Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе ел чемпионатының 27-турында, сырт алаңда «Брестпен» (2:1) өткен матчтың 90-минутында жеңіс голын енгізді. Бұл – команданың чемпионаттағы 3 мыңыншы голы еді.

Биылғы біріншілікте Мбаппе 23 кездесуге қатысып, 19 голмен бірге 3 нәтижелі пастың авторы атанды.

Осы ойыннан кейін 66 ұпай жинаған «ПСЖ» екінші орында келе жатқан «Марсельден» 11 ұпайға ұзап кетті.

Келесі турда, 19 наурызда «ПСЖ» «Ренн» командасын қабылдайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мохамед Салахтың «Ливерпуль» тарихындағы ең үздік сұрмерген атанғанын жазған болатынбыз.

Фото: Сhampionat.com

Соңғы жаңалықтар