Килиан Мбаппе футболдан Франция құрамасының капитаны болды

None
Фото: Getty Images
АСТАНА. ҚазАқпарат – Шабуылшы Килиан Мбаппе футболдан Франция құрамасының капитаны атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Lequipe басылымының деректеріне қарағанда, Франция командасының бас бапкері Дидье Дешам 24 жасар футболшының капитан болатыны жөнінде шешім қабылдаған.

Осыған дейін капитандық міндетін қақпашы Уго Льорис атқарған еді. Ол өз командасы 2022 жылы Қатарда өткен әлем чемпионатының финалында Аргентинаға есе жібергеннен кейін құрамадан кететінін мәлім еткен болатын.

Килиан Мбаппе капитан ретінде өз командасын 24 наурызда алғаш рет бастап шығатын болады. Бұл күні Франция 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінің бірінші турында өз алаңында Нидерланд құрамасын қабылдайды.

Мбаппе Франция сапында 2017 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде 66 матчта 36 гол соқты. Өз командасымен бірге 2018 жылы әлем чемпионы атанса, өткен жылы күміс жүлдегер атанды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатын өткізу тәртібі бекітілгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар