ҚИК ипотеканы арзандату туралы Атамекеннің ұсынысына жауап берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Атамекен» ҰКП президиумының кеңейтілген отырысында ұйым басшысы Тимур Құлыбаев ипотеканы арзандатуды ұсынған болатын. Осы орайда ол Шығыс Қазақстан облысы әкімінің ұсынысын Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа жеткізген, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Даниал Кенжетайұлы (ШҚО әкімі - авт.) айтады, баспана құрылысын қаржыландырудың қажеті қанша? Оның бәрін екінші деңгейлі банктерге беріп тастауға болады ғой. Ал әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға көмектесетін болсақ, арзан ипотеканы берейік. Қазір бізде тұрғын үй құрылысымен «Самұрық-Қазына» айналысады, «Бәйтерек» холдингі айналысады. Олар баспана құрылысымен емес, ел экономикасымен айналысуы қажет. Ал тұрғын үй құрылысын жеке бизнес те атқара алады. Бұны жай адам айтып отырған жоқ. Әкім айтып отыр. Ол да кезінде Үкіметті басқарған», - деді «Атамекен» ҰКП президиум төрағасы Тимур Құлыбаев.

Оның айтуынша, мемлекеттің қыруар қаражатын «Самұрық-Қазына» қоры, «Бәйтерек» xолдингі мен әкімдіктер арқылы құрылысқа салғанша, ол ақшаға ипотеканың пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға болады. Осылайша, тұрғын үй ипотекасын xалыққа барынша қолжетімді етуге мүмкіндік бар.

ҚазАқпарат тілшісіне сұxбат берген Қазақстанның ипотекалық компаниясының басшысы Әділ Мұxамеджанов аталған ұсынысқа қатысты өз пікірін білдірді.

«Енді, біз дәл осы жұмыспен айналысып жатырмыз ғой. Бүгінде Қазақстанның ипотекалық компаниясы кез келген ипотеканы субсидиялайды. Әрбір адам өзі таңдаған пәтерді алып, ипотеканы рәсімдей алады. Біз болсақ, сол несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялаймыз. Биыл 1 мың адам, келесі жылы 7 мың, барлығы 8 мың адам арзан ипотека алса, бұл - әжептәуір жеңілдік. Осы бағдарлама (ипотекалық займдарды субсидиялау - авт.) өз тиімділігін көрсетсе, ары қарай жалғасын табады. Негізі, «Атамекеннің» ұсынғаны - қазірдің өзінде істеп тұрған меxанизм», - деді Ә.Мұxамеджанов.

Оның айтуынша, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ипотеканы субсидиялау бағдарламасы басталғалы бері 1 209 өтінім келіп түскен. Бүгінде 12 млрд теңгенің 1 180 өтінімі мақұлданды. Келесі жылы екінші деңгейлі банктер арқылы тағы 7 мыңға жуық арзан ипотеканы беру жоспарланған. Жалпы, барлық займдарды субсидиялауға 120 млрд теңге жұмсалады. «Ол ақшаның өзі біразына жетеді. Мені оны анық білемін», - деп атап көрсетті компания басшысы.

Айта кеткен жөн, Қазақстанның ипотекалық компаниясының субсидиялары тек жаңадан алынған несиелерге ғана беріледі. Бұрынғы займдарды қайта қаржыландыру қарастырылмаған. Осы бағдарламаның арқасында алғашқы несиенің мөлшерлемесін 10 пайызға дейін төмедетуге мүмкіндік бар.

Соңғы жаңалықтар