Киіз үйде қасиет бар - қызылордалық шебер

None
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылордалық Райхан Шалбаева жыл бойына есік алдына киіз үй тігіп, ұлттық құндылықты насихаттап келеді. Оған қоса, қазақтың қолөнерімен айналысып, ұрпағына асыл қазынаны дәріптейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Есік алдына киіз үй тігуге қай кезден бастап көңіл бөліп келесіз? Киелі дүниенің артықшылығы қандай?

- Сегіз қанатты ақбоз үй жыл сайын есік алдына тігіледі. Оны тұтынып келе жатқаныма 15 жылға жуықтады. Киіз үйдің сүйегі Қарақалпақстаннан жеткізілген. Оған қажетті жабулар мен баулардың барлығы өз қолымнан шыққан. Жасым жетпістен асса да, әлі қолөнермен айналысамын

Жалпы, киіз үйдің қызығын жазда күн ысығанда көресің. Әдетте, Қызылорда өңірінде күн ыстық болады. Іргесіне су шашып салқындатып алсаң, күні бойы ыстықты жібермейді. Ал, таза ауа адам денсаулығына оң әсерін тигізеді. Міне, осы киіз үйді сатып алғаныма бірнеше жылдың жүзі болды. Сүйегі мықты, әлі сыр бермей келеді. Өзім Өзбекстанның Тамды деген жерінде дүниеге келгенмін. Бала кезден киіз үйде өстік. Анам күн жылынғаннан киіз үй тігуге асығатын. Ол жақта халық түгел қазақы дәстүрді ұстанады. Жастайымыздан бойымызға дарыған қасиет өмірлік дағдымызға айналды.

- Киіз үйге қажетті жабдықтарды өзіңіз тоқи береді екенсіз , о ны қайдан үйренген едіңіз?

- Жастайымнан басқұр, жел бау, түкті бау, бел арқан секілді қажетті дүниелерді өзім жүннен иіріп, тоқи беремін. Қыз жасауын да әзірлеймін. Құрақ көрпе тігемін. Ол ұрпағың құрақтай болып көбейсін деген ниетте тігіледі. Мұның бәрі – біздің ата-бабамыздың ұстанып кеткен салиқалы жолы. Соны өз деңгейінде тани алсақ, ұрпағымыз ұлы дәстүрден алыстамайды.

Айта кетсек, киіз үй – халқымыздың атам заманнан бергі ең жақын серігі. Көшпенді халық тұрмысына ыңғайлы болған. Жылдың төрт мезгіліне, күн райының барлық жағдайына төтеп берген. Сондықтан, бұл баспананың артықшылығы өте көп. Киіз үйдің ішіне жарық жақсы түседі. Ауа алмасуы да талапқа сай. Жел-дауыл тұрғанда көп шайқала қоймайды. Өзінің беріктігімен ерекшеленеді. Күмбез болып келгендіктен, жауын-шашын өтпейді. Жинап, қайта тігу де қиын емес. Ыңғайлы баспананы жаугершілік заманда сарбаздар өздерімен алып, қолданып жүрген.

Кейбір деректерде оны ғаламның моделi ретінде бағалайды. Асыл қазынамызды ғалам мен адам арасын байланыстырушы деп санайды. Рухани мәдениет ретiнде қарастырсақ, киiз үй баспана ғана емес, арғы әлеммен байланыстырып, қаскөй рухтардан қорғайтын киелi орын. Қазақ үйдiң киесi шаңырақтан бастау алады.

Қазақы өмірімізде шаңырақты қасиеттi деп санайды. Ол – күннiң символы. Ескіден білетініміз, шаңырақ көтерiлiп жатқанда ешкiм сөйлемейдi. Өйткенi, ұлы iс атқарылып жатқанда үнсiздiк орнауы тиiс. «Жетi уық шаншылғанша жетесiз ғана сөйлейдi» деген сөз – осының дәлелi. Шаңырақтың төрт күлдiреуiшi төрт тарапты бiлдiредi. Уықтарды күннiң шашырандысы деп ұғыңыз.

Киіз үй көшіп-қонып жүрген халқымыздың ғасырлар бойғы тәжірибесінен туындаған. Ол уақыт, заман сынынан сүрінбей өтті. Қасиетті құндылық өзіндік ерекшелігі және тұрмысқа бейімділігі жөнінен адам өміріне пайдасы зор. Адам баласының ғұмыры мәдени-тұрмыстық және шаруашылық мақсатқа арналуына қарай осы киіз үйден, яғни шаңырақтан бастау алаған.

Қазақ халқында «Шаңырағың биік болсын», «Босағаң берік болсын» деген ақ тілектер айтылады. Ол сонау ежелгі ғасырдан бері айтылып, қазақ халқымен бірге жасап келеді. Мұның түп-төркіні осы біз айтып өткен киіз үйден бастау алатыны анық. Сондықтан, ұлы халқымыздың қасиеті мен сәні саналған сәулет өнері ұрпаққа мұра болып қала бермек.

- Өнердің басқа түрлерінен де құралақан емес сияқтысыз…

- Менің әжем суырып салма ақын болған. Сол қасиет маған да жұғысты болған секілді. 2018 жылы «Тамдының жыры бітпейді» атты өлеңдер жинағына туған жерге, ата-анаға, құрбы-құрдастарға деген сағыныштан туған шығармаларым енгізілді.

Жастайымнан өлең жазумен қатар, мың бояуды үйлестіріп, сурет өнерін де жалғастырып келемін. Жұқа тақтайша бетіне жағылған бояуларға түрлі-түсті моншақтар жапсырып, қолөнер туындыларын жасаймын. Бүгінге дейін 200-ден аса туындымды көпшілік назарына ұсындым.

Әулетімде бір әке, бір анадан тараған 8 ағайындының арасынан бір інім мен менің шығармашылыққа бейімім бар. Оған қоса, арабша оқып, жазып қазақшаға аударамын. Қайбір жылы облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешіті ұйымдастырған имандылықты насихаттау байқауында бақ сынап, жүзге жуық талапкердің арасынан бас жүлдені жеңіп алдым.

Айта кетсем, 1978 жылы Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы шаңырағымызда қонақта болды. Кейіннен ол жайында өзінің естелік кітабында кеңінен әңгімеледі.

- Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз...

- 1971 жылы Жәлел Алдамжаров есімді азаматпен отау құрдым. Бүгінде үлкен әулетке айналдық. Саналы ғұмырымызды ұрпақ тәрбиесіне арнап келеміз. Өлеңдерімді немерелерім жатқа айтып отырады. Соған сүйсініп қаламын. Ақбаян деген немеремнің өлең жазуға ынтасы бар. Болашағынан үміт күтемін.

- Әңгімеңізге рақмет.


Соңғы жаңалықтар