Киіз үй талай шетелдік сәулетшілерді таң қалдырады - шебер

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы, Бескетік елді мекенінің тұрғыны Көпжан Торпиев бес жылдан бері қазақтың қара шаңырағы - киіз үй дайындаумен айналысады. Кәсіпкер халықаралық ЭКСПО көрмесінің өтуіне орай жұмыс қарқынын арттырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Қазақтың қасиетті киіз үйін әлемге паш ету мақтаралдық кәсіпкер Көпжан Торпиевтің көп жылдан бергі арманы. Бүгінде іскер азамат ауылдағы шеберлердің тобын құрып, қайталанбас өрнегі бар киіз үй жасауда. Нәтижесінде киелі шаңырақтың ұлттық нақышына қарай Қазақстанның түкпір-түкпірінен тапсырыстар түсе бастаған. Ауыл тұрғыны бұл кәсібінен көл-көсір пайда таппаса да, жұртшылықтың киіз үйге деген қызығушылығының арта түскеніне қуанып отыр.

«Алдымен киіз үйдің заманауи безендендірілуіне ден қойдық. Сәулеттік сәні келіскен ақ күмбезді үйлер бүгінде түрлі оюлармен көмкерілуде. Ауыл ісмерлері киіз үйдің байырғы нұсқасын сақтай отырып, сәні мен сапасына ерекше көңіл аударады. Жалпы қазақтың киіз үйі - ерекше геометриялық есеппен, асқан тапқырлықпен жасалынады. Осы уақытқа дейін жасаған киіз үйлеріміз талай шетелдік сәулетшілерді таң қалдырды», - дейді Көпжан Торпиев.

Кәсіпкер бүгінде Астана төрінде өтіп жатқан халықаралық көрмеге келген қонақтар Мақтаралдағы Бескетік ауылына ат басын бұрып жатса дейді. Себебі олардың көңілдерінен шығатын дүниелер мұнда жетерлік екен. Ұлттық өнердің шын жанашыры осылайша туристерді Мырзашөлге шақырады.

Соңғы жаңалықтар