Киіктерге арналған дәліз жасалды - Бүкіләлемдік банк өкілі Ато Браун

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүкіләлемдік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Браун «Азаматтық бастамалар -«Level Up!» даму драйвері» конференциясы барысында Қазақстанда жасалатын инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудағы азаматтық ұйымдардың белсенділігі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ато Браунның айтуынша, Қазақстанда жүзеге асыруды қажет ететін инфрақұрылымдық жобалар көп, әрі оларды жүзеге асыруда азаматтық қоғамның белсенділігі зор рөл ойнамақ.

«Кез келген жобада социумның пікірі маңызды. Жол құрылысы, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы жобаларда экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді бақылаймыз. Азаматтар тарапынан арыз-шағым, мен кері байланысты ескереміз. Бұл жұмыс жобалардың халыққа пайдасы қаншалықты екенін білуге жақсы ықпал етеді», - деді Ато Браун.

Банк өкілі мысал ретінде Батыс Еуропа - Батыс Қытай магистралінің құрылысын келтірген. Еуропа мен Қытайды біріктіретін аса ірі жобаны жүзеге асыруда Бүкіләлемдік банк өкілдері адамдарға қандай ықпалы болатынын жан-жақты зерттеген.

«Жол салдық дейік. Оның біреуге кесірі тимей ме? Кез-келген өзгеріс адамдарға, жекелеген жануарларға кері әсер етпеуі тиіс», - деді Ато Браун.

Оның айтуынша, Алматы Қызылорда жол құрылысы жобасын қолға алған кезде түз жануарларының да жағдайын ескерген. Атап айтқанда, ен далада тоқтаусыз жоситын бөкендердің жағдайы да назарға алынған.

«Экологиялық ұйымдар бізге алдын ала ескертті. Жолдың кейбір тармақтары киіктердің көшетін жерлеріне тура келеді. Біз киіктердің жолдарына дәліз жасадық. Егер, бұл мәлімет ескерілмесе, экологиялық жобаға тұтас нұқсан келетін еді. Әр ҮЕҰ өз саласын жақсы біледі. Сондықтан, олармен жұмыс жасаған өте дұрыс», - деді ол.

Бүкіләлемдік банктің басты мақсаты экономикалық дағдарыс салдарынан жапа шеккендерге көмек көрсету.

Мәселен, оқу бітірген әлі жұмысқа тұрып үлгермеген жастар қолдауға мұқтаж болады. Олар түрлі деструктивті ағымдардың ықпалына еріп кетуі мүмкін. Осы орайда банктің бастамасымен Швейцария мемлекеті мен ҚР Білім және ғылым министрлігі біріге отырып, жастарға кеңес беру жобасын қолға алды. Бұл жобаға қаржы қайтарымсыз берілген.

Қазір пилоттық жоба 4 аймақта жүзеге асырылуда. Келесі жылы барлық аймақтарды қамтиды.

Соңғы жаңалықтар