Киіктерді тәлімбақта ұстаудың не керегі бар

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің бас сарапшысы Асқар Абдрахманов киіктерді тәлімбақта ұстаудың не үшін қажет екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Киіктерде пастереллёз деген індет бар. Тарихқа сүйенсек, әр 6-7 жылда қайталанып тұрады. 2015 жылы Бетпақдала популляциясының киіктері 90 пайызы қырылып қалғаны естеріңізде шығар. Осындай жағдайларда киікті сақтап қалу мақсатымен тәлімбаққа өсіру көзделіп отыр. Жартылай еркіндікте ұсталатын киіктерге пастереллёз сияқты індеттерге қарсы екпе егіледі. Даладағы киіктер пастереллёз індетінен, басқа да аурулардан қырылатын болса, тәлімбақта өсіріліген киіктердің есебінен қалпына келтіру үшін пайдаланылады», - деді сарапшы.

Бұған дейін аталмыш маман киіктерді тәлімдақта бағу үшін жыл сайын 250 млн теңге жұмсалатынын айтқан болатын.

«Ғылыми-техникалық бағыттағы қаржыландыруға өтінім берілген. Сол өтінім мақұлданды. Енді бюджетті нақтылау кезінде, наурыз айында бұл ақшалар қарастырылады. Жылына 250 млн теңге, сонда үш жылға 750 млн теңге бөлу көзделіп отыр», - деді сарапшы.

Ал Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасының орынбасары Андрей Кимнің айтуынша, тәлімбақтағы киіктерді үй хайуанаты ретінде қолға үйрету тәжірибесі де жүргізілмек.

«Мысалы, марал кезінде жабайы аң болса, қазір жартылай қолға үйретілген түр болып есептеледі. Киікті де осы мақсатқа пайдалану мәселесі зерттеліп жатыр», - деді комитет басшысының орынбасары.


Фото: gov.kz





Соңғы жаңалықтар