Киіктерді машинасымен соғып өлтірген қостанайлық сотталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – «Қызыл кітапқа» енген екі киікті көлігімен соғып өлтірген азамат 2 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, 36 жастағы ер адам Науырзым ауданының Өлеңді ауылы маңында жайылып жүрген 4 киікті өзінің «Нива» көлігімен қуа жөнелген. Нәтижесінде ол екі жануарды қағып өлтірді.

«Қылмыскер заңсыз атқан киіктің бірін көлігіне тиеп алып, екіншісін сол жерге тастап кеткен. Осы уақытта жақын маңнан өтіп бара жатқан Науырзым ауданының тұрғыны қылмыскердің әрекетіне куә болады. Ол көліктің соңына түсіп, болған жайды полицияға хабарлап айтқан. Тәртіп сақшылары күдіктіні көп ұзатпай қолға түсірді»,- делінген полицияның баспасөз хабарламасында. Науырзым ауданының Полиция бөлімі күдіктіге қатысты ҚР ҚК 337- бабы («Заңсыз аң аулау») бойынша тергеу жүргізді. Аудандық соттың үкімімен Қостанай қаласының 36 жастағы тұрғыны екі жылға бас бостандығынан айырылды. Оның орман шаруашылығына келтірген шығыны 6 млн теңгеден асады.

Естеріңізге салайық, киіктер сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлар қатарына жатады.


Соңғы жаңалықтар