Киіктер тағы бір вирустан қырылуы әбден мүмкін - академик

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биологиялық қауіпсіздік мәселелерін ғылыми-зерттеу институтының мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылдың соңғы сегіз айында Қазақстан территориясында 13 індетті аурулардың 96 ошағы тіркелген. Сондай-ақ, жабайы жануарлар мен құстардың арасында құтырма, қу безгегі, Батыс Ніл безгегі, Ньюкасл ауруы және құс тұмауы қоздырғыштары таралып отыр. Ал киіктер арасында жаңа вирус табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы жылдары республикада фаунаға қауіп төндіріп отырған жаңа экзотикалық аурулардың таралуы тіркеліп отыр. Мәселен, екі жыл бұрын Жамбыл облысында, былтыр Қызылорда облысында ұсақ малдың арасында оба ауруы да тарады. Аталған ауру ушығып, қос тұяқты жабайы жануарларға ауысуы әбден мүмкін. Ағымдағы жылы Атырау облысында ірі қара мал нодулярлы дермотиттен қырылды. Бұл ауру малдан малға, сондай-ақ шыбын-шіркей арқылы таралады», - дейді академик Абылай Сансызбай.
Ғалымның айтуынша, биологиялық қауіпсіздік мәселелерін ғылыми-зерттеу институтының мамандары киіктердің арасында жаңа вирустың таралып жатқанын анықтады. «Жаңа вирустың атауы - Акабане. Осы уақытқа дейін аталған вирус Қазақстанның территориясында болмаған. Ғалымдар киіктердің 12 пайызында Акабане вирусын тауып алды. «Бұл аурудың ушығып кетуі киіктер санының күрт қысқаруына әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Сондықтан қазірден бастап тиісті шараларды қолға алу қажет», - дейді академик Сансызбай.
Айта кетейік, ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, бұған дейін Қазақстандағы киіктердің саны 21 мыңнан 295 мың басқа дейін өскен болатын. Алайда өткен жылы аталған жабайы жануарларлың жаппай қырылуынан кейін олардың саны күрт төмендеп, 108 мыңға дейін азайған. Сол кезде ғалымдар киіктер басым бөлігі пастереллезден қырылды деген қорытындыға келді.

Соңғы жаңалықтар