Киіктер ауыл шаруашылығына кедергі келтіруі мүмкін бе – маман жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Киік - Қазақстанның визиттік карточкасы, еліміздің популяцияны қалай сақтайтынын бүкіл әлем бақылайды. Сондықтан оның санын басқару мәселесінде асығыс шешім қабылдауға болмайды, деп атап өтті ҚР БҒМ Зоология институтының териология зертханасының меңгерушісі Алексей Грачев.

Бұған дейін әлеуметтік желіде шаруалар мал жайылымына арналған жерлерді киік басып жатыр деген видео таралды.

«Институттың көпжылдық зерттеулері көрсеткендей, осы жылдар ішінде киіктер мен үй жануарлары арасында ерекше бәсекелестік болған жоқ. Ақбөкен мал жемейтін көптеген өсімдікті жейді, ал жалпы азық-түлік қоры үй және жабайы тұяқтылар үшін жеткілікті. Қазіргі уақытта әлеуметтік желіде киіктердің Орал популяциясы санының өсуіне және жайылымдар мен суаттарға байланысты үй жануарларымен бәсекелесуі мәселелері көтерілуде. ҚР БҒМ ҒК«Зоология институты» да бұл жағдайға алаңдаулы. Ғалымдардың айтуынша, киіктер көшпелі өмір салтын ұстанады, сондықтан жайылымдарға жүктеме деңгейі төмен болады. Олар үнемі қозғала отырып, шөптің аз ғана бөлігін жейді, бұл басқа да жануарлардың жайылымдарды қайта пайдалануына мүмкіндік береді», - дейді Алексей Грачев.

Спикердің айтуынша, Зоология институтының кең ауқымды зерттеулері киіктер мен үй малдарының саны ең көп болған жылдары (30-40 жыл бұрын) жүргізілген болатын. Қазақстанда үй жануарларының саны 1990 жылдары күрт төмендеді және негізінен киіктер жүрмейтін елдімекендер маңында мал жайылды. Қазіргі жағдай қандай екенін ғалымдар нақты айта алмайды, өйткені қазір бұл мәселені зерттеу үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама жоқ. Сондықтан Зоология институты, ең алдымен, қандай да бір шешім қабылдамай тұрып, мәселені егжей-тегжейлі зерделеу қажет деп есептейді.

«Мемлекет өз уақытында киік санын қалпына келтіру үшін үлкен ресурстар жұмсады. Қазір ол тек қалпына келтіру сатысында, яғни ол әлі де максимумға жеткен жоқ. Егер киіктердің ең көне популяция екенін ескерсек, кім кімнің жерін тартып алды деген заңды сұрақ туындайды. Сондықтан бұл мәселеге байыпты қарау керек. Жыл сайын киіктердің санын, олардың орналасуын есепке алу жүргізіледі, бірақ оларды зерделеу бойынша арнайы бағдарлама жоқ. ХХ ғасырдың 60-жылдары киіктердің саны, 600-800 мыңға, 90-жылдары – миллионға жетті. 2015 жылы киік қырылды, содан бері тиісті зерттеулер жүргізу бастамаларына қарамастан, бұл мәселе шешілген жоқ. Мамыр айында ақбөкендердің тағы да белгісіз себептермен өлуі мүмкін деген қауіп бар. Ақыр соңында, бұл түр үшін ең осал кезең: мамыр айында олардың төлдеу кезеңіне сай келеді, сондықтан аналықтары қыста ғана емес, төлдеуге байланысты да әлсірейді», - дейді маман.

Сондықтан, Алексей Грачевтің айтуынша, қазір киіктерді жоғары деңгейде зерттеу мәселесін Экология министрлігі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен күш-жігері арқылы ғана шешу қажет.

Ең алдымен, маман киіктің Орал популяциясының тарихи таралу аймағы шегіндегі жерлердің нысаналы мақсатына, түрдің экологиялық ерекшеліктері мен оның табиғи мекендеу орындарын ескере отырып, ретроспективті талдау жүргізу қажет деп есептейді.

«Екіншіден, ақбөкен үшін суаттармен қамтамасыз етілуіне талдау жүргізу, жергілікті жердің гидрологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, жасанды суаттар жасау мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Үшіншіден, жайылымдардың қазіргі заманғы азықтық сыйымдылығын және киіктің оңтайлы санын айқындау қажет. Төртіншіден, азық пен суаттарға қатысты үй жануарларымен бәсеке дәрежесін, киіктердің ауыл шаруашылығы алқаптарына келтірген ықтимал залалын анықтау қажет. Киік жоғалып кету қаупімен халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізіміне енген. Киік - брендтің бірі, Қазақстанның визиттік картасы, оның популяциясының негізгі бөлігі бізде тұрады. Бүкіл әлем оларды қаншалықты сақтайтынымызға қарайды. Көптеген халықаралық деңгейдегі ғалымдар киікті құтқаруды «қазақстандық ғажайып» деп атайды», - деп түйіндеді сарапшы.

Айта кетейік, 5 мамыр – халықаралық киік күні. Дүниежүзіндегі киіктің 90%-дан астамы Қазақстанда мекендейді.

Қазақстандағы киік Батыс Қазақстанда, Еділ мен Орал арасында, Үстіртте – ішінара Маңғыстауда, сондай-ақ Ақтөбе мен Атырау облыстарында мекендейді. Ақбөкендердің ең көп саны – Қарағанды, Ақмола, Қостанай облыстарында мекендейтін Бетпақдала популяциясы.

Алексей Грачевтің айтуынша, ақбөкендер экожүйеде үлкен рөл атқарады. Мысалы, тұяқтармен олар топырақты қопсытады, оған ылғал мен өсімдіктердің өсуіне қажетті барлық заттарды береді.


Соңғы жаңалықтар