Киіктен қорғау үшін егістік жерлерді қоршау керек – шаруа қожалығының басшысы

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында киіктің шектен тыс көбейіп кетуі шаруа қожалықтарына орасан зор шығын келтіріп отыр. Бұл туралы Казталов ауданы Ақпәтер ауылдық округіндегі «Ерғожа» шаруа қожалығының басшысы Самат Хасанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Самат Хамзаұлының мәлім еткеніндей, киіктер биыл шабындық пен жайылымдар өз алдына, егістік жерлерді таптап кетті.

Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы екі жаңбырлатқыш машина алып, биыл 160 гектар жерге судан шөбін еккен екен. Алқаптың электр бақташымен қоршалғанына қарамастан, киіктер сымды бұзып өтіп, егістікті отап кеткен.

Ауданнан комиссия келіп, акт толтырып, шығынды есептеген. Енді өтемақы төленсе деп отыр шаруа қожалығының басшысы.

«Ең алдымен, әрине, киік санын реттеу керек. Ол үшін ет комбинаттарын жандандырып, киіктен алынатын өнімдерді өңдеп, пайдаға жаратқан жөн. Әйтсе де ақбөкен санын қанша азайтса да, ол келесі жылы қайта көбейеді. Сондықтан киік жайылымдарда жүре берсін, ең болмаса егістіктерді тормен, екі метр сайын баған қойып, қоршау керек. Міне, осыған үкімет тарапынан демеуқаржы төленсе, дұрыс болар еді. Өйткені жыл сайын өтемақы төлегенше, бұл әлдеқайда тиімді. Судан және басқа екпешөпті өсіруге шаруа қожалықтарының басшылары қызығушылық білдіріп, сұрайды. Бірақ оны жаңағыдай жолмен қоршамайынша, еш нәтиже болмайды», деді ҚазАқпарат тілшісіне С.Хасанов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да шаруалар киікке байланысты төтенше жағдай енгізуді сұрап отырғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ БҚО-ның оңтүстік аудандарында мал азығын дайындауға байланысты қиындықтар туындап отыр.

БҚО әкімі су мен жол проблемасы, үш ауысымды мектептер, киік санын реттеуге байланысты сұхбат берді.


Соңғы жаңалықтар