Валюта бағамдары:
    usd/kzt 478.01 eur/kzt 488.81

    rub/kzt 7.91 cny/kzt 70.76
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Киік санын реттеуге бағытталған бұйрық жобасын пысықтау қажет - министрлік

2022 жылғы 10 маусым 13:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ашық деректер порталында жарияланған табиғи жолмен өлген киік дериваттарын жинау жөніндегі бұйрық жобасын кері қайтарып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазіргі уақытта киіктердің санын анықтау мақсатында, ғылыми биологиялық негіздеме әзірленіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша киіктердің санын реттеу мәселесіне қатысты шешім қабылданады. ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті НҚА (нормативтік құқықтық актілер) ашық деректер порталында киіктің дериватын жинауға бұйрық жобасын жариялады. Аталған бұйрық жобасы табиғи өліммен өлген киіктердің дериваттарын жинауға бағытталған. Алайда, комитет бұйрықтың бұл жобасын пысықтау үшін ашық НҚА-дан қайтарып алды», - делінген министрлік мәлімдемесінде.

Айта кетейік, киіктерді қорғау мақсатында қабылданған шаралар нәтижесінде аң қарасы жыл сайын орта есеппен 40%-ға артып келеді. 2017 жылы 152 мың болса, биыл 1,3 млн-ға жетті. Ал, олардың республика бойынша оңтайлы саны 560-770 мың болу керек.

Әсіресе, мәселе Батыс Қазақстан облысында өзекті болып отыр. Ведомство дерегіне сәйкес, санақ қорытындысы өңірде 801 мың киік барын көрсеткен. Мұның залалы ауыл шаруашылығына, атап айтқанда жайылымдар мен суаттарға тиіп жатқаны белгілі.

«Батыс Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарында ауыл шаруашылығы дақылдарын егу науқаны жүріп жатқанын ескеруіміз қажет. 2015 жылғы пастереллёз індетінің қайталану қаупі бар. Сол жылы 150 мың киік (бүкіл популяцияның 80%-ы) қырылып қалған еді», - деп жазады экология министрлігі.

Еске салсақ, БҚО әкімі шаруалар мүддесін қорғау үшін киіктің санын реттеу қажеттігін айтқан еді.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев БҚО тұрғындарының киік саны шектен тыс көбейіп кеткені туралы шағымына пікір білдірді.

Сондай-ақ, Ақмола облысы Атбасар ауданындағы Есенгелді ауылының тұрғындары киіктердің егінді таптап жүргенін түсіріп, әлеуметтік желіге бейнежазба жариялады.


Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар