Киік мәселесінде ұсыныстар болса, бірлесіп қарауға дайынбыз – Экология министрі

2022 жылғы 30 қыркүйек, 20:50
Киік мәселесінде ұсыныстар болса, бірлесіп қарауға дайынбыз – Экология министрі

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Киік мәселесі бойынша нақты ұсыныстар болса, бірлесіп қарауға дайынбыз. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездескен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр өз сөзінде Батыс Қазақстан облысы бойынша экология, геология, су ресурстары, орман және балық шаруашылығы салаларының дамуына тоқталып өтті.

Сонымен қатар Қазақстан аумағын әлемдегі киіктің 95 пайыздан астамы мекендейтінін атап өтті. Биыл олардың саны 1 млн 318 мыңға жетсе, соның 801 мыңы Орал популяциясына тиесілі.

Киік жайылатын жерлерді сақтау мақсатында биыл облыс аумағында «Бөкейорда» табиғи резерваты (343 мың гектар) жәге Ащыөзек табиғи қаумалы (314,5 мың гектар) құрылды.

«Министрлікке Батыс Қазақстан облысы фермерлерінен киік санының өсуіне байланысты жайылымдық, шабындық және егістік жерлерінің жойылып жатқаны жөнінде шағым көптеп түсуде. Киік өсімін, таралу аумағын, азықтық базасын анықтау және ұсыныстарды әзірлеу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі 2023-2025 жылдары кешенді ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр», - деді С.Брекешов.


Осыған орай «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Табылғали Сапаров киік мәселесін шешу үшін оның өрісін кеңейту, Жайық суын пайдалану жөніндегі ойларын айтса, профессор, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қазыбай Бозымов батысқазақстандық ЖОО-лардың көп жылғы зерттеулеріне сүйену керектігін жеткізді.

Қ.Бозымовтың сөзіне қарағанда, киікті көктемде емес, күз айында, қыркүйек айының басында санау керек. Сонда киік санын дәл анықтауға болар еді. Қазір киік 801 мың емес, 1 млн 200 мыңға жетіп қалды деуге болады.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры Асқар Наметов киікті арнайы питомник құрып, зерттеуді ұсынды. Сонда қазіргідей, 200 емес, 200 мың бас киікті ұстауға болады.

Ветеринария ғылымының докторы Ғайса Әбсатыров киіктен аса қауіпті жұқпалы аурулардың таралатынына назар аударды.

«Экоклаб» ЖШС басшысы Бауыржан Сабанов, «Қошпан» шаруа қожалығының жетекшісі Айдын Сүндетов киіктің орасан зор зиян келтіріп отырғанын айтып, шаруалар мүддесін қорғау, осыған байланысты субсидия төлеу мәселесін көтерді. Киік санын реттеуді алдағы жылдарға ысыра бермей, кешеуілдетпей шешу қажеттігін айтты.

Экология министрі арнайы бағдарлама жасауға қарсы еместігін, бұған батысқазақстандықтардың да атсалысуы қажеттігін жеткізді.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев комиссия құрылған жағдайда өңірден ғалымдардың, экологтардың кіретінін атап өтті.

С.Брекешов облысқа сапары барысында Киров-Шежін каналының құрылысымен де танысты.



Фото : gov.kz





Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar