Киік атқан ақмолалыққа қатысты іс қозғалды
2022 жылғы 15 тамыз 11:50

Киік атқан ақмолалыққа қатысты іс қозғалды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының 42 жастағы тұрғынының үстінен заңсыз киік атып алу бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ол табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері мен «Охотзоопром» кәсіпорнының және жануарлар дүниесі орман шаруашылығы аумақтық инспекциясы қызметкерлері бірлесіп жүргізген рейд барысында ұсталды.

«12 тамызда «Охотзоопром» кәсіпорны қызметкерлері Амангелді ауылдық округінің аумағында 42 жастағы тұрғынның заңсыз мүйізді киікті атып алғанын анықтады. Қорғалжын аудандық полиция бөлімі осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 337-бабы 4-бөлігі (заңсыз аң аулау) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Полиция қызметкерлері күдіктіден тіркелмеген тегіс, бір ұңғылы «ИЖ-16» мылтығын, 5 гильзаны тәркіледі», - деді ведомстводан.

Сонымен бірге, ер адамның бұрын Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылғаны анықталды.

Осы ретте, полиция қызметкерлері ел аумағында ғылыми мақсаттарда пайдалануды қоспағанда, киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын 2023 жылға дейін пайдалануға тыйым салынғанын еске салады. Ақбөкендерді заңсыз аулау фактілерін анықтау, алдын алу және жолын кесу мақсатында 8-18 тамыз аралығында облыс аумағында «Ақбөкен» республикалық акциясы өтіп жатыр.

Айта кетсек, Ақмола облысында мыңдаған киік егінді таптап жүргенін жазған едік.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT