Киевте қыз баланы құтқарған Ұлттық ұлан сержанты жолда тағы бір бойжеткенге көмектескен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Киев қаласындағы әуежайда қыз баланы құтқарып қалған Ұлттық ұлан сержанты Алексей Кудиенконың жары Вера оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Ұлттық ұлан қызметінің бастығы Руслан Жангулинге сілтеме жасап.

«Біз Доминикан республикасына демалуға барғанбыз. Бізбен бірге ата-анасымен Злата атты қыз бала бірге ұшты. Бар-жоғы 4 айлық еді. Қайтар жолда Киевтегі әуежайда тамақтануға отырдық. Қыз бала ата-анасымен көрші үстелде отырған. Кейін баласын ұстаған ананың қайда кеткенін білмей қалдық. Бір уақытта «Құтқарыңдар» деген дауыс естілді. Оның күйеуі сасқалақтағаннан жүгіріп келді. Бәріміз оқиға болған жедел жеттік. Сөйтсек, қыз баланың көзі қарауытып, өзі көгеріп барады екен. Айналдырып, аузынан үрлегенмен жағдай оңалмады», - дейді Вера.

Алексейдің зайыбы айтып өткендей, Алексей осы уақытта қыз баланы қолына алып, аузын кеңірек ашып, саусағымен тамағынан басып жіберген.

«Бәрі бір мезетте болған жағдай еді. Жұбайым қалай осыны тез жасағанын өзі де байқамай қалды. Осыдан кейін қыз баланың демі ашылды. Дәрігерлер келгеннен кейін оны жансақтау бөліміне алып кетті. Баланың жағдайын біліп отырдық. Оны қалалық ауруханаға алып кеткен екен. Анасының айтуынша, баласының тамағына бірдеңе тұрып қалған. Отбасы Алматыдан еді. Алматыға бізбен бірге ұшпақ болған. Осыдан кейін біз Отанымызға ұшып келгеннен кейін анасы хабарласып, баласының жағдайы жақсы екенін айтты. Зор алғысын білдіріп жатыр», - дейді Вера.

Ұшақпен ұшып келе жатқан кезде Алексей Кудиенко тағы бір бойжеткенге көмектесіпті. Ол туралы ұшақтағы жолаушылардың бірі айтып берді.

«Ұшу уақыты өте ұзақ болды, 12 сағат. Бір мезетте бір бойжеткен есінен танып қалды. Бортсеріктер дәрігер бар ма деп сұрады. Алайда дәрігер болмай шыққандықтан, Алексей жүгіріп барып, бойжеткеннің есін жинауға көмектескен», - дейді жолаушылардың бірі.

Еске сала кетсек, Шымкент қаласының тұрғыны Алексей Кудиенко Киевтегі әуежайда кішкентай қыз баланы өлімнен құтқарып қалғанын бұған дейін жазған болатынбыз.

Кейін Киев әуежайында кішкентай баланы құтқарып қалған жігіт ҚР Ұлттық ұланының сержанты болып шыққаны белгілі болды.

«Кудиенко Алексей Александрович 2010-2017 жылдары Шымкент қаласындағы 6506-әскери бөлімшеде қызмет еткен. Ол материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасының автомобиль взводының аға жүргізушісі болған. 2017 жылдың тамызынан бері Алматы қаласындағы аппаратураларды жөндеу және байланыс өңірлік орталығының маманы болып жұмыс істейді», - деп мәлімдеді ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар