Киелі жерлер географиясы: Сырлы сарайшықтың біз білмейтін сырлары...

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Қазақ даласындағы ең көне орындардың бірі - Сарайшық қаласы. Қала Жайық өзенінің жағасында Атырау қаласынан елу шақырымнан қашықтықта орналасқан.

Тарихшы ғалымдар оның пайда болуын ХІІІ ғасырда, яғни Шыңғыс хан мен Батудың жасаған шапқыншылығымен байланыстырады. Әзірге белгілі болған деректерге сүйенсек, бұл орын туралы жазба мәліметтер ХІV ғасырдың алғашқы жартысынан басталады да, оларда Сарайшық гүлденген қолөнері мен сауда қаласы болғандығы айтылады.
null

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Ақ Жайықтың суы шайып жатқан Сарайшық - Еуразияның апайтөс даласындағы көптеген елді өркениет пен өрлік, елдік пен ерлікке, бірлік пен тірлікке, ақыл, парасат пен бауырластыққа баулыған Алтын Орда елінен қалған сары жұрт. Сарайшық топырағы қасиетті, өйткені, иісі бүкіл түркі әлеміне ортақ Алтын Орда хандары - Тоқта, Жәнібек, Бердібек, ноғайлының билеушісі - Оқас, одан бергі Қасымхан сияқты атақты хандарымыз бен батырларымыздың жаны осында мәңгілік жай тапқан жер, оны еліміздің алғашқы Пантеоны десек те болады»,-деген еді.

Сарайшық туралы алғашқы жазба дерек қалдырған арабтың белгілі географ-ғалымы, саяхатшысы Ибн-Батута. Ол өзінің саяхаттарының бірінде, 1334 жылы «Үлкен Сарай» қаласынан шығып, Азияға жасаған сапарында Сарайшық қаласында болған. Бұл жөнінде ол: «Біз Сарайшық қаласынан ат жеккен арбамен он күн жол жүріп, Сарайжук қаласына жеттік. Бұл Ұлысу деп аталатын үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала екен және дүниежүзіндегі Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі көпір осында екен» деп жазған. Сарай-жук -монғолша кіші Сарай деген мағынаны білдіреді.

nullОл кезде Алтын Орда үлкен Сарай, Сарайшықты кіші Сарай деп атаған. Осыған байланысты қаланың атының да Сарайшық аталуы (қала-қалашық, сарай-сарайшық, кішкентай деген мағынада). Сарайшық қаласы Қасым ханның кезінде Қазақ Хандығының тұңғыш астанасы болған. Қала 1580 жылы орыс патшасы Иван Грозныйдың әдейі жіберген казактардың қолынан қиратылған.

Көп жылғы ғалымдардың зерттеулері, қала орнына жүргізілген қазба қорытындылары, әсіресе 1996-2000 жылдары Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясының Сарайшық қаласының орнына жүргізген зерттеулеріне сүйене отырып дайындалған. Көп жылдардан жинақталған жәдігерлерді толықтырып, 1999 жылы 3 қыркүйекте Көне Сарайшық қаласының тарихын, жалпы ХІ-ХVІІ ғасырдағы қазақ халқының тарихына арналған «Хан Ордалы Сарайшық» мұражай қорығы ашылды. Бұл мұражай қорығы сол кездегі облыс әкімі Иманғали Тас-мағамбетовтің бастамасымен салынды. Құрылысы сол жылдың мамыр айында басталып, төрт айда аяқталған. Мұражай мен ескерткіштің ашылуына Елбасының өзі қатысқан. Ескерткіштегі қабырғалар арасына Сарайшықта жерленген жеті ханға арнап құлпытастар қойылған. Қара мәрмәрға хандардың аттары мен билік құрған жылдары жазылған.

nullСарайшықтағы «Аққу көлі», «Алтын қайық», «Көмілген мол қазына» туралы халық аузында аңыздар көп. Сол аңыздың бірі былайша айтылады. Алтын Орда ханы Жәнібек (Әз Жәнібек 1341-1357 ж.ж. билік еткен) Сарайшыққа хан сарайын салғызып, жылдың біраз мезгілін осында өткізеді екен. Сол Жәнібек ханның өзге балаларынан артық көрген бір сұлу қызы болыпты. Осы сұлу қызына арнап көл жасатыпты. Көлде су періштесі - аққу жүзіп жүріпті. Сұлулыққа сұқтанған хан аққуларды айдыннан ұшырмас үшін қырық атанға жүк болар секер төктіріпті. Содан көл «Секер көлі» немесе «Аққу көлі» атаныпты.

Хан сондай-ақ қызына арнап «алтыннан қайық» жасатқан. «Алтын қайық» мінген ару қыз серуенге көлге шыққанда, аққудың көптігінен кәнизактар оларды қолымен жасқап, жол ашады екен. Сұлулық пен байлыққа тамсанған қала тұрғындары да, керуеншілер де осы ғажайыпты тамашалап, көл жағасынан кете алмаса керек.

nullАяқ астынан хан қызы дүние салып, қызын қатты жақсы көрген әке қапаланғаннан қызын күллі қалалықтың көзінше арулап, тірі күнінде ұстаған асыл бұйымдарымен, алтын қайығымен бірге жерлетпекші болады.

Алайда сабасына түсе келе, қара жүректі қарақшылар қазына іздеймін деп, қызының бейітін тонап, сүйегін қорлап жүрер, одан да өзім де білместей құпия жерлетейін деп шешеді. Ол жалдап алған бірнеше адам қызды түн кезінде жерлеп, үстінен ерсілі-қарсылы үйір-үйір жылқы айдайды, тапсырылған жұмыстарды аяқтап, келісілген уәде бойынша, тиесілі алтындарын алмақ боп сарайға келгенде, оларды күтіп тұрған жендеттер ауыз ашуларына мұрша берместен, бастарын алған екен. Жәнібек ханның қызының «алтын қайығы» қай жерге жерленгені құпия күйінде қалып қойыпты. Сонымен бірге сол жерге хан қызының мол қазынасы бірге көмілген екен. Содан бері Сарайшықта «алтын қайықтар жатыр» деген сөз де қалған.

Қасым хан билік еткен тұста, яғни 1513 жылы Сарайшық Қазақ хандығының астанасы болған. Қасым - Жәнібектің ұлы, Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының ұрпағы. Қасымның әкесі Жәнібек - Кереймен бірге ХV-ші ғасырдың ортасында қазақ хандығын құруға белсене еңбек еткен тұлға. 1511 жылдан Қасым хан өмірінің хандық дәуірі басталған. Оны халқы ежелгі түрік дәстүрі бойынша ақ киізге отырғызып, хан көтерген. Қасым хан қазақ мемлекетін күшейтуді, оның жерін кеңейтуді және халқының санын көбейтуді мақсат еткен. Оның тұсында қазақ хандығының жері бұрынғы Көк Орда жерінен де көп кеңейген. Сыр бойы қалаларының көбі қазаққа қаратылған.

Қасым өзі билік құрған тұста Өзбек хандығынан Сырдария бойын, Моңғолстаннан Жетісу өңірінің үлкен бөлігін, Ноғай Ордасынан Ембі, Жайық пен Еділ аралығын өз хандығына қосқан, Қасым ханның өзге елдер алдында беделі өскені сонша, кезінде Қазақ хандығы «Қасым хандығы» деп аталған. Оның кемеңгерлігі мен әділеттілігі арқасында көрші елдермен сыйластық қатынас орнаған, өз ішінен бүлінген Ноғайлы елінің қомақты бөлігі Қазақ хандығына келіп қосылған. Қасым хан кезіндегі хандықтағы халықтың саны миллионнан асқан. «Қасым ханның қасқа жолы» аталатын көне жарғы да осы кездері қалыптасқан. Ел ішінде Қасым хан денесі «осы Сарайшықта жатыр» деген сөз де өріп жүр.

«Хан Ордалы Сарайшық» мұражай қорығының қызметкері Молдаш Бердімұратовтың айтуынша, «Кешенге жылына 15 мыңға жуық адам келеді. Музей қорындағы қала орнынан табылған жәді¬гер¬лерді көруге қызығушылық та-нытатындардың қатары көп»,- дейді.

2016 жылы облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен жергілікті бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлініп, жағалауды бекіту жұмыстары басталды. Қорғаныс бөгетінің құрылысы биыл аяқталады. Жеті хан жерленген киелі орынды зерттеу жұмыстары да жалғасын таппақ. Сүйінші жаңалықты халыққа есеп беру жиынында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың өзі жеткізген еді: «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының сапар орталығының құрылысы биыл басталады», деді ол.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының тізіміне енген Сарайшықта қазіргі заманға сай барлық жағдай жасалған кешен бой көтереді. Әкімшілік ғимарат, қонақүй, шаруашылық-тұрмыстық үйі секілді бірнеше ғи-марат салу жоспарланған. Екі қабатты әкімшілік ғимарат ішінде экспозициялық көрме залдары, қор қоймасы, конференцзал, зертханалық және қалпына келтіру үй-жайы, кітап қоймасы мен электронды мәліметтер базасы бар кітап-хана орналасады. Арнайы алаңдар, ашық аспан астындағы музей мен этноауыл да тарихи орынның мән-маңызын арттырары анық.

Сонымен қатар, «Сарайшық» музей қорығы маңындағы үйлерді көшіру мәселесі күн тәртібіне қойылды. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Гүлбаршын Арыстанованың айтуынша, 2030 жылға дейін музей жанындағы 65 тұрғын үй көшіріледі. Ауылдың бас жоспарын жасаған кезде ескі Сарайшықтағы үйлерді көшіріп, орналастыруға арнайы жер бөлінген.

Айта кеткен жөн, Атырау облысының тарихи нысаны «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының біріне осы аты аңызға айналған Сарайшық қаласы тізімге енді.  

Соңғы жаңалықтар