Kids Go Free жобасы аясында 300-ден астам бала саяхаттады
2022 жылғы 4 шілде 16:53

Kids Go Free жобасы аясында 300-ден астам бала саяхаттады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Kids Go Free жобасының мүмкіндігін пайдаланып 300-ден астам бала тегін ұшты. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл елімізде Kids Go Free жобасы пилоттық режимде іске қосылды. Аталған бағдарлама 2-17 жастағы балалар мен жасөспірімдерге ел ішінде саяхат жасағанда тегін ұшуға мүмкіндік береді.

«Kids Go Free биыл қаңтарда іске қосылды. Бүгінде көптеген туристік компания аталған бағдарламамен жұмыс істеп жатыр. Басты шарт жасөспірім кәмелет жасына толмаған болуы керек. Яғни отбасылық туристік жолдама сатып алған кезде, балалары тегін ұша алады. Оның ақысын туристік компания көтереді» , - деді Ержан Еркінбаев тілшілердің сұрағына жауап беріп.

Оның айтуынша, биылғы жоспарға сәйкес 15 мың балаға дейін Kids Go Free жобасының мүмкіндігін пайдалана алады.

«Осы күнге дейін 300 бала тегін ұшты. Тағы 700 бала жолдама алды, олар енді саяхаттайды. Жиі сұранысқа ие аймақтар – Алматы, Түркістан және Маңғыстау. Егер жобаны қолданушылар саны біздің жоспардан асып кетсе, онда қосымша қаржы сұрайтын боламыз», - дейді ол.

Еске сала кетсек, Kids Go Free жобасы қалай жұмыс істейтіні туралы Kazakh Tourism АҚ ұлттық компаниясының басқарушы директоры Даниель Сержанұлы әңгімелеп берген еді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT