Кибершабуылдан қорғануға ҰҚК арнайы ұйымы жауап береді - Бағдат Мусин

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мемлекеттік ақпараттық ресурстарға DDoS-шабуылдар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, кибершабуылдардан қорғану министрлік құзіретінде емес.

«Бұл сала бойынша біз заң мен стандарттар жазамыз, ал кибершабуыл мен қорғанысқа арналған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы мемлекеттік ұйымы бар, ол – Мемлекеттік техникалық қызмет. Біз жалпы заң талаптарын және басқа да талаптарды бекітеміз, олар сол бойынша жұмыс істейді. Қазір елдегі интернет жүйелеріне ауыртпашылық түсті, оның жылдамдығы баяулады. Мемлекеттік техникалық қызмет әрі қарай жұмыстарын жалғастыруда», - деді Бағдат Мусин Үкіметте тілшілерге берген сұхбатында.

Өз жауабында министр ақпараттық қауіпсіздік – күрделі мәселелердің біріне айналғанын атап өтті.

«Дүниежүзінде түрлі мемлекеттік ұйымдар күн сайын кибершабуылдарға тойтарыс береді. Жаңа интернет дәуірі келді. Интернет экономикаға жаңа тәсілдер, жаңа мүмкіндіктер береді, сонымен қатар қауіпсіздік жағынан да жетілдіруді қажет етеді», - деді Бағдат Мусин.

Айта кетейік, Қазнетке бірнеше күн бойы толассыз кибершабуыл жасалып жатыр. Мақсатты кибершабуылдар елдің мемлекеттік органдарына да, Қазнет инфрақұрылымына да бағытталған.



Соңғы жаңалықтар