Кибершабуылдан қалай қорғану керек

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінде технологияның дамуымен қатар интернеттегі қылмыс саны да артып отыр. Бұл тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемде күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің біріне айналды. Check Point компаниясының зерттеуіне сәйкес, 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда әлемдегі киберқылмыс саны 40%-ға өскен. Мамандар бұған пандемия кезінде барлық саланың онлайнға көшуі бірден-бір себеп екенін айтады.

Еліміздегі жағдай да көңіл көншітерлік емес. Мәселен, мамыр айындағы соңғы деректер бойынша, Қазақстанда биыл 24 501 алаяқтық фактісі тіркелген. Ал оның 10 478-ін немесе 42,7%-ын интернеттегі алаяқтық құрайды. 2019 жылмен салыстырсақ, осыдан үш жыл бұрын киберқылмыстың 7 мың фактісі тіркелген.

Бұл биылғы бес айдағы көрсеткіш қана. Сарапшылар жыл соңында бұдан да әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін ескертіп отыр. Осыған байланысты еліміздегі киберқауіпсіздік мәселесі қалай шешіліп жатыр, салада қандай проблема бар, адамдар неліктен алданады, цифрлық сауаттылық деңгейін арттыру үшін не істеу керек деген сауалдарға жауап іздеуді жөн санадық. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Қазақстан киберкауіпсіздік рейтингінде 31-орында

Бүгінде жаһандық киберқауіпсіздік индексінде Қазақстан жоғары көтеріліп келеді. БҰҰ Халықаралық электрбайланыс одағының есебі бойынша Қазақстан 31-орында. Барлық критерий бойынша 15-тен 20 ұпайға дейін жоғары баға алып, индексі – 93,15 болды. Сарапшылар бұл Қазақстан үшін жақсы көрсеткіш екенін айтады. Мәселен, осыдан 3 жыл бұрын еліміз 83-орынға тұрақтаса, бір жыл бұрын 40-орынды иемденген еді.

Аталған рейтингтің көш басында АҚШ (1-орын), Ұлыбритания мен Сауд Арабиясы (2-орын) және Эстония (3-орын) тұр. Ал Микронезия, Йемен және Ватикан секілді мемлекеттер жайлы деректер жоқ.

Төмендегі кестеде киберқауіпсіздік рейтингі бойынша ең үздік он мемлекеттің диаграммасы берілген.

Ал посткеңестік және ТМД елдерінің ішінде еліміз Ресейден кейінгі екінші орында екенін байқаймыз. Қалған мемлекеттер киберқауіпсіздік бойынша рейтингте Қазақстаннан төмен орналасқан. Мәселен, Әзербайжан – 40, Молдова – 63, Өзбекстан – 70, Украина – 78, Беларусь – 89, Армения – 90, Қырғызстан – 92, Тәжікстан – 138, Түрікменстан – 144-орынға лайық деп танылған.

Жалпы 200-ге жуық мемлекеттің ішінен Қазақстанның 31-орынға тұрақтауы елдегі киберқауіпсіздік саласының дамығанын көрсете ме? Бұл туралы Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының сарапшысы Әлайдар Әмірсейіттен сұрап көрген едік. «Өзіңіз айтып отырғандай, 31-орын – жақсы көрсеткіш. Қазақстанда киберқауіпсіздік саласы жолға қойылып, жақсы дамып келе жатқанының бір дәлелі. Өйткені рейтинг жасаушылардың өз талаптары бар. Сондағы көрсеткіштер сарапталып, нәтиже шығады. Одан кейін бұл бәсекеге қабілетті ел екенімізді де көрсетіп отыр. Дегенмен алда заңнаманы жетілдіру, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, сонымен қоса техникалық ресурстар жағынан да жетілдіру жұмыстары күтіп тұр»,-деді ол.

Төмендегі диаграммада киберқауіпсіздік бойынша рейтингтегі ТМД елдерінің көрсеткіші берілген.

Жаһандық киберқауіпсіздік индексі алғаш рет 2015 жылы іске қосылған еді. Аталған рейтингті жасаушылар бірқатар көрсеткішке назар ауадарады. Нақтырақ айтсақ, құқықтық, техникалық, ұйымдастыру, әлеуетті дамыту және ынтымақтастық шараларына қатысты елдегі қолға алынған жұмыстарға баға беріледі.

Қазақстанда киберқылмыс саны артты

Киберқылмыспен күресу, онлайн-алаяқтық санын азайту, сонымен қоса интернеттегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету – Қазақстан Үкіметінің маңызды міндеттерінің бірі. Осы мақсатта 2017 жылы «Қазақстанның киберқалқаны» бағдарламасы қолға алынған болатын. Ол үшін 28 млрд теңге қаражат бөлінген еді. Жалпы жоба 2017-2022 жылдар аралығында жүзеге асады деп жоспарланған. Бұл жүйенің арқасында еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін арттыру, отандық контентті бәсекеге қабілетті ету көзделген.

Жоғарыда атап өткен рейтингте Қазақстан айналдырған екі-үш жыл ішінде жоғары орынға көтерілгенін байқаймыз. Демек, бұл соңғы жылдары киберқалқан бағдарламасының негізінде қолға алынған іс-шаралар нәтижелі жүзеге асып жатқанының бір дәлелі бола алады. Дегенмен, еліміз интернет қауіпсіздігін толық қамтамасыз етті деуге әлі де ерте. Өйткені Қазақстанда алаяқтыққа негізделген бағдарламалар да, оларды пайдаланатын халық саны да артып келеді. Мамандардың сөзінше, тұрғындардың басым көпшілігі құрылғыларын қорғау үшін арнайы бағдарламалық құралды пайдаланбайды. Соның салдарынан да шабуылдар саны артып келеді.

Мысалы, 2020 жылы онлайн қылмыс саны 58%-ға өскен, яғни құқық қорғау органдары 12 мың онлайн-қылмысты тіркеген. Аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген шығын көлемі - 24 миллион теңге. Ал биылғы қаңтар айының өзінде елдегі алаяқтық фактілерінің 43,3%-ы интернет-алаяқтыққа тиесілі болып отыр. Жоғарыда атап өткендей, биылғы мамырдағы деректер бойынша, Қазақстанда 24 501 алаяқтық оқиғасы тіркелген. Оның 10 478-і немесе 42,7%-ын интернеттегі алаяқтық фактілері.

Киберқауіпсіздік саласының маманы Әлайдар Әмірсейіттің сөзінше, мұның бірнеше себебі бар. Оның бірі ретінде сарапшы түрлі компаниялардың азаматтардың жеке деректерін таратып жіберуін атап өтті. «Жалпы киберқылмыс саны артуының бірнеше себебі бар. Оның біріне тоқталатын болсақ, есіңізде болса, наурыз айының бас кезінде танымал сервистің екі миллион пайдаланушысының жеке деректері желіге тарап кеткен еді. Міне, қазір интернеттегі алаяқтар осы тарап кеткен жеке деректерді қолданып, қылмыс жасап отыр. Бұл тек бір ғана мысал»,-деді сарапшы.

Азаматтардың жеке деректерінің тарап кетуі тек Қазақстанда ғана емес, әлемде үлкен проблемаға айналып отыр.

2017 жылы елде тіркелген интернет-алаяқтық саны 2000 болған, ал 2021 жылы бұл сан 21 000-ға дейін жеткен, яғни он еседен астам артқан. Демек, бұдан біз жыл сайын онлайн-алаяқтық саны артпаса, кемімейтінін аңғарамыз. Сондықтан да ҚР ІІМ елімізде киберқылмыстың, әсіресе интернет-алаяқтардың көбейгенін және қылмыскерлердің жаңа айла-амалдарды үйреніп жатқанын айтып, тұрғындарды алданып қалмауға, кез келген ақпаратты тексеру керек екенін ескертіп отыр.

«Киберқауіпсіздік саласында екі үлкен проблема бар»

Сарапшы Әлайдар Әмірсейіттің пікірінше, біздің киберқауіпсіздік саласында екі үлкен проблема бар. Сарапшы оның қазіргі таңда шешімі табылып жатқанын жеткізді. «Олар – кадр жетіспеушілігі және кибергигиена шараларының сақталмауы. Кадр тапшылығы мәселесіне тоқталсақ, қазіргі таңда осы олқылықтың орнын толтыру үшін Қазақстан үкіметі бірқатар шараны қолға алды. Мәселен, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін 100-ден кем емес жоғары санатты IT маманын даярлауды тапсырды. Осы мақсатта өткен жылы алты IT-мектеп ашылған болатын. Ал биыл бес мектеп ашу жоспарланған. Сонымен қоса қазір ақпараттық қауіпсіздік кафедрасына жыл сайын гранттар саны да көбейіп жатыр. Білікті сала мамандарының көбеюі де киберқауіпсіздік саласының дамуына сөзсіз ықпал етеді»,-деді ол.

Еске салайық, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 100 000 жоғары санатты IT маманын даярлау үшін 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасын әзірлеген болатын. Онда техникалық және кәсіптік білім бойынша 17 000, ЖОО-да – 40 000, IT мектептерінде – 40 000 студент және IT компаниялар 3000 студентті даярлайды.

Дегенмен сарапшылар іс-шаралар қолға алынғанымен, ол мамандарды даярлауға уақыт қажеттігін айтып отыр, яғни жастар жоғары санатты маман болуы үшін де бірнеше жыл керек.

Сонымен бірге Әлайдар Әмірсейіт кибергигиена мәдениетін дамыту да күн тәртібіндегі мәселе болуы тиіс екенін атап өтті. «Оны шешу үшін кешенді шаралар қабылдануы керек. Мысалы, мектепте кибергигиена туралы сынып сағатын ұйымдастыруға болады. Бұл мәселені Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы қарастырып, шешімін ұсынып та отыр. Біріншіден, біз TSARKA Cyber School-ды аштық. Екіншіден, киберқауіпсіздіктің негіздері мен киберқауіпсіздік туралы бастауыш сыныптарға арналған курстарды дайындап, жібердік»,-деді сарапшы.

«Цифрлық сауаттылықты арттыру қажет»

Онлайндағы алаяқтық жайлы айтқанда цифрлық сауаттылық ұғымы еске түседі. Мамандардың пікірінше, интернеттегі алаяқтықтың алдын алудың бірден бір жолы – халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру. Пандемия тұсында барлық сала онлайнға көшкендіктен, елдегі интернеттің сапасы да, қолданушылар саны да арта түскен болатын.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, соңғы төрт жылда интернет қолданушылар саны 10%-дан астам өскенін байқаймыз. Мәселен, 2018 жылы бұл көрсеткіш 81% болса, өткен жылы 92%-ды құраған болатын. Бұл онлайн алаяқтықтың көбеюіне әкеліп соғады. Сондықтан мамандар киберқауіпсіздік мәселесін басты орынға қойып, ылғи күресудің жаңа тәсілдерін ойлауы қажет деп санайды.

Ал Қазақстан Республикасы халқының цифрлық сауаттылық деңгейіне назар аударсақ, азаматтардың белгілі бір дәрежеде сауатты екенін аңғаруға болады. Статистикаға сүйенсек, тұрғындардың сауаттылық көрсеткіші соңғы төрт жылда 10%-ға жуық артқан. Мысалы, төмендегі кестеден көріп отырғанымыздай, 2018 жылы бұл көрсеткіш 79% болса, 2021 жылы 87,3%-ға жеткен.

Алайда жоғары жазған киберқылмысқа қатысты фактілердің көп болуы бұл цифраның шындықтан алыс болуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Мамандар да статистика бойынша сауаттылық көрсеткіші артқанымен, шынайы жағдай басқаша болуы мүмкін екенін айтады. Сарапшымыз Әлайдар Әмірсейіт те кибергигиена мәдениетін жетілдіру керек екенін тілге тиек етті.

«Тұрғындар киберқылмыскерлерден жиі зардап шегіп жатады. Мұның бірден бір себебі – цифрлық сауаттылықтың төмен болуынан. Оны арттыру үшін кибергигиена мәдениетін дамыту керек. Ал кибергигиена дегеніміз - аты айтып тұрғандай, киберқауіпсіздіктің құрбаны болмау үшін белгілі бір сақтық шараларын жасау, сонымен қоса ақпараттық, цифрлық тұрғыдан сауатты болу»,-деді маман.

Кибершабуылдан қалай қорғанамыз?

Кез келген адам кибершабуылдың құрбаны болуы мүмкін. Дегенмен оның алдын алу жолдары да аз емес. Мамандар бағдарламалық жасақтама мен операциялық жүйелерді жаңартып отыруға, банк картасының деректерін, шот нөмірлерін және қауіпсіздік кодтарын бөгде адамдарға айтпауға, заңды болып көрінетін, бірақ зиянды болуы мүмкін банк сайттарындағы күмәнді сілтемелерге өтпеуге және ол жерге өзінің жеке деректерін енгізбеуге кеңес береді. Сонымен қоса киберқауіпсіздік маманы Әлайдар Әмірсейіт те бірқатар қарапайым алдын алу шарасын ұсынды:

- Банк картасының пин кодын, телефон нөміріне келетін СМС-кодты ешкімге айтпау керек;

- Егер сізге банктен немесе полицияданбыз деп алаяқтық туралы айта бастаса, тұтқаны қоя салу қажет;

- Егер олар сізден қай банктерде шотыңыз бар деп сұраса да тұтқаны қоя салу керек;

- Егер сіздің банк картаңызға таныс емес кісіден ақша аударылған болса, ақшаны кері аудармаңыз. Банкке барып, ақшаны кері аудару туралы мәлімдеме жазыңыз. Өйткені осы тәсіл арқылы қылмыскерлер ақшаның ізін жасыратынын есте ұстаған жөн.

Жалпы азаматтар жоғарыда біз көрсеткен алдын алу шараларын үнемі есте ұстаса, интернеттегі алаяқтық құрбандары азаяр еді.


Соңғы жаңалықтар