Киберқауіпсіздік жөніндегі бөлімше ерекше мәртебеге ие болуы тиіс - Дариға Назарбаева

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл қаласындағы ҚР Ұлттық гвардиясының Әскери институтында Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мүшелерінің отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесудің тақырыбы әскери білімді жетілдіру мәселесіне арналды. Отырысты ашқан комитет төрағасы Дариға Назарбаева ҚР Әскери доктринасында мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді негізгі шаралардан бөлек, әскери білімге маңыз беру де қарастырылғанын атап өтті.

«Бұл шаралар орта мерзімді кезеңде әскери кадрларды даярлау бойынша жүргізілетін жұмыстың бағдары болып табылады. Геосаяси жағдайлар, армияға деген талаптар өзгеріске ұшырап, сәйкесінше әскери кадрларды да даярлау жүйесі өзгеру үстінде. Мемлекет басшысы бұл шаруаға ерекше маңыз береді», - деді сенатор.

Отырыс барысында әскери оқу орындары тап келетін мәселелер туралы айтылды. Дариға Назарбаева әсіресе киберқауіпсіздік саласындағы мамандарды даярлау туралы сөз қозғады.

«Киберқауіпсіздікпен айналысатын қорғаныс жүйесі бөлімшесінің жақсы айлық ақысы мен арнайы мәртебесі болуы керек. Әйтпесе, онда үздік мамандарды тарту мүмкін емес. Бұл маңызды сұрақ. Осыған ерекше назар аударыңыз», - деді Дариға Назарбаева.

Ол өз сөзінде әскери саладағы кадрлық даярлау жүйесіне басқаша амалмен қарайтын уақыт келгенін тілге тиек етті.

«Кадрларды даярлау мәселесі - кез келген мемлекеттегі негізгі жұмыс болып табылады. Бәлкім, білім жүйесі мен кадрларды даярлау жүйесіне толығымен көңілі толатын бірде-бір қоғам жоқ шығар. Егер жалпы азаматтық жоғары оқу орындарында (ЖОО) жағдай ретке келіп, ондағылар өздері жақсы сезіне бастаса, ведомстволық - қауіпсіздік, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар саласындағы әскерилер - материалдық-техникалық қамтамасыз ету тұрғысынан дамудан қалып барады. Бұл ЖОО-ларда еңбек ететін мұғалімдер, басшылар жұмысының күрделілігіне қарамастан, үздік мамандарды даярлау үшін барынша күш салып жатыр деп есептеймін», - деді сенатор.

Ол сонымен қатар, «жабық» ЖОО-ларға деген бағытты жұмыстарды қайта қарауға болатынын атап өтті.

«Бюджетке қол жая бермей, қазір ашылып, коммерциялық бөлімшелердің жұмысын бастап, өзіндік мәселені шешу үшін ақша табуға кірісіп кетуге болады. Біз осы міндетті алдымызға қойып, Үкіметпен бірге осы сұрақтар бойынша шешім іздейтін боламыз», - деді Дариға Назарбаева.

ҚР ҰҚК Шекаралық Академиясының бастығы Павел Поливанов отырыс кезінде даярлық жұмыстары үш деңгейде, атап айтқанда бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша дайындалып жатқанын айтты. Алайда академияның асқақ жетістіктерімен бірге шешілмеген мәселелері де жоқ емес.

«ЖОО-лардың қарым-қатынасын толыққанды емес, әскери педагогтарды әзірлеу мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Нормативтік-құқықтық базада жабық тақырыптар бойынша ғылыми зерттеулерді жүзеге асырудың ерекше тәртіптері белгіленбеген. Ұлттық қауіпсіздік органдарының арнайы орындарындағы қызметкерлері мен әскери қызметкерлеріне ғылыми дәреже бойынша қосымша ақы беру тоқтатылып қалған», - дейді Поливанов.

Отырыста сонымен қатар ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери білім және кадр департаментінің бастығы Қайрат Көпбаев баяндама жасады.

Саладағы өзге де мәселелер туралы ҚР ІІМ ТЖК Көкшетау техникалық институтының бастығы Сырым Шәріпханов та айтып берді.

Соңғы жаңалықтар