Кибербуллинг: Қазақстанда былтыр - 143, биыл - 105 оқушы өзін өзі өлтірген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Ерлан Саиров кеше Мәжіліс мақұлдаған буллинг және кибербуллингке қатысты жаңа заңнама талаптарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында депутат өзінің Facebook парақшасында жазды. ҚазАқпарат Ерлан Саировтың жазбасын қаз-қалпында жариялайды.

«Мен желідегі әлімжеттік, буллинг жөнінде, әлеуметтік желінің мәдениеті жөнінде жүйелі түрде жазып жүрмін.

Кеше Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бала құқықтарын қорғау мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Аталған заңды қарастыру аясында кибербуллинге қарсы тұру мәселесі де қарастырылған.

Кибербуллингтің балаларға ғана емес, ересектерге де қатысты екенін барлығымыз жақсы білеміз.

Қаншама өкінішті, жазатайым жағдайдар біздің көзімізше болып жатыр.

Балаларға қатысты нақты цифрларды келтірген дұрыс:

- 2020 жылы бала мен жасөспірімдер арасында 143 суицид тіркелсе, 193 суицидке талпыну тіркелген.

- 2021 жылдың бірінші жартысында 105 суицид, 105 талпыну тіркелген.

Сарапшылардың есебіне жүгінсек, 2018 жылы ғана

- балалардың 60 пайызы өмірінде бір рет /кибер/ буллингке ұшыраған;

- 17 пайызы /кибер/ буллинге бірнеше рет ұшыраған.

Кибербуллингпен күресу әлеуметтік желіні реттеумен тікелей байланысты.

Елімізде тек 2021 жылы ғана желіде 140 мың заңбұзу /фейк, кибербуллинг, экстремизм/ фактісі тіркелген.

Ақпарат министрлігі желі платформаларына 1700 хат жазылған, соның 20-30 пайызы ғана қанағаттандырылған, яғни алынып тасталған.

Осы саланы реттеудің халықаралық тәжірибесін қарастырайық.

1. 2017 жылы Германияның Бундестагы «Әлеуметтік желі жөнінде» заң қабылдады. Бұл заң бойынша, 2 млн. қолдаушысы бар Әлеуметтік желі Платформалары Германияда азаматтық істер мен айыппұлмен айналысатын өкілді тағайындауы керек.

Әлеуметтік желі платформасы түскен арыз-шағымдарды 24 сағаттың ішінде қарап, контентті тексеріп, адамды балағаттау, жек көру экстремистік бағыттағы жазба болса шағым түскеннен кейін бір жетінің ішінде алып тастауы керек.

Заңды бұзғаны үшін 50 млн евро айыппұл қарастырылған!

2. Францияның Ұлттық жиналысы да осындай заң қабылдаған. Бұл заң бойынша онлайн платформа Франция территориясында заңды өкілін тағайындауы тиіс. Онлайн платформа арыз-шағым жасаудың электронды түрін енгізуі тиіс.

Заңды орындамағаны үшін 112 500 евро айыппұл қарастырылған.

3. Оңтүстік Корея, Сингапур, Ресей, Түркия, ЕО басқа да елдері өзінің заңдарын осы мәселе бойынша күшейтіп жатыр.

4. Жаңа Зелландия, АҚШ-тың 50 штатының 44 штатында кибербуллинге қылмыстық қатаң жауапкершілік қарастырылған.

Бүгінде, Әлеуметтік Платформаларды реттеудің халықаралық тәжірибесі осындай.

Америка Құрама Штаттары, әзірше, кибербуллинге қарсы заң қабылдаған Германия, Франция, Сингапур, басқа да елдерге, өзінің штаттарына ешқандай санкция қабылдаған жоқ.

Өйткені, әлеуметтік желінің ішіндегі фейк, буллинг, экстремизм проблемасы АҚШ тың қоғамын да толғандырып отыр. Өздері де Әлеуметтік Платформаны реттеп отыратын заңдарды ойластырып жатыр.

Қазақстандағы кибербуллинг мәселесінің «күйіп» тұрғанын есепке алсақ, Ауғанстанға байланысты діни экстремизм мәселесінің өзекті екендігін ескерсек, осы проблемамен айналысатын мемлекеттік өкілетті органның болғаны дұрыс.

Мемлекет бүгінде экономика, әлеуметтік қорғау, қаржы салаларын күнделікті реттеп отырады.

Оған біздің көзіміз үйреніп кеткен.

Сондықтан назар аудармаймыз.

Ал енді әлеуметтік платформалармен қарым-қатынас мәселесіне келетін болсақ, бұл жөнінде әлі талқылау болары сөзсіз.

Менің ойымша, әлеуметтік платформалардың біздің еліміздегі өкілеттілігі «виртуалды» түрде де болуы ықтимал. Яғни, сол платформалардың штаб-квартирасында қазақ- орыс тілін еркін меңгерген біздің жастар «әлеуметтік желінің ұлттық модераторы» рөлін атқарып, біздің мелмекеттік өкілетті органмен әлеуметтік платформа арасында «дәнекер» рөлін атқарса да, артық-кемі болмауы ықтимал.

Еркіндік, тәуелсіздік пен басбұзарлық, зорлық-зомбылықты шатастыруға болмайды.

Демократия дегеніміз - норма, процедура, этика және мораль.

Адамның ар-ұжданын сыйлайтын, заңның ала жібін аттамайтын, мәдениеті жоғары, парасаты биік азаматтарға бұл өзгерістерден қорқатын, үркетін ештеңе жоқ.

Керісінше, бұл өзгерістер - сондай азаматтарды басбұзар, экстремистерден қорғайтын норма және процедура».


Соңғы жаңалықтар