ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының атына ұлттық мерекеміз - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай хаттар мен жеделхаттар келіп түсті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай құттықтау жеделхаттары мен хаттар келіп түсуде.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин жеке өзінің және Қытай халқының атынан Мемлекет басшысын және барша қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 27 жылдығымен құттықтады. Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылық етуімен Қазақстанның қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелерін ерекше атап өтті.

«Мен Қазақстан мен Қытай қарым-қатынастарының дамуына баса мән беріп, Сізбен жұмыс бабындағы байланысымызды және жеке достығымызды жоғары бағалаймын. Биылғы маусым айында Сіз Қытайға мемлекеттік сапармен келіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Циндаодағы саммитіне қатыстыңыз. Біз жемісті кездесу өткізіп, бірқатар маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік. Бұл екі жақты қатынастардың дамуына тың серпін берді.

Мен Сізбен бірлесе отырып, мемлекеттеріміз бен халықтарымыздың игілігі жолында жаңа белестерді бағындыруға және екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік байланыстарды ілгерілетуге әзірмін. Сізбен «Бір белдеу, біл жол» халықаралық ынтымақтастығының жоғары деңгейдегі екінші форумы барысында жүздесеміз деп ойлаймын»,- деп атап өткен Си Цзиньпин.

Сондай-ақ, Қытай басшысы достас Қазақстанның өсіп-өркендей беруіне ниеттестік білдіріп, ал халқына бақ-береке тіледі. 

Соңғы жаңалықтар