ҚХР Әлеуметтік ғылымдар академиясы, Қытаймен шекаралас аймақтардың тарихы мен географиясын зерттеу орталығының өкілдері ТҮРКІСОЙ-да бас қосты

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 10 ақпан. ҚазАқпарат /Ирина Дынникова/ - Кеше, 9 ақпанда Анкарада ТҮРКІСОЙ-дың бас хатшылығына іссапармен екінші рет Қытай Халық Республикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясы, Қытаймен шекаралас аймақтардың тарихы мен географиясын зерттеу орталығынан делегаттар келді.

Орталық директоры профессор Ли Шеңнің бастап келген делегацияны ТҮРКІСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, ТҮРКІСОЙ бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ қарсы алды.

Кездесу барысында Д. Қасейінов екі ұйым арасындағы ынтымақтастық жайында сөз қозғады. Ол қытайлық түркологтарды алғашқы Хакас зерттеушісі, әлемге танымал ресейлік түрколог, «профессор Николай Ф. Катанов жылы» аясында Түркияда және басқа да түркі мемлекеттері мен аймақтарында жыл бойы өткізілетін  халықаралық ғылыми конференцияларға белсенді түрде қатысуға шақырды.

1889-1892 жылдар арасында Қытайдың Шығыс Түркістан аймағындағы түркітілдес халықтардың мәдениеті мен тілін зерттеген алғашқы ресейлік түрколог Николай Ф. Катанов жұмыстарының маңыздылығына тоқталған Қасейінов, ұлттық музыканы бірігіп зерттеу керектігі жайлы пікір білдірді. Қытайдағы Түркі халықтарын зерттеушілердің Түркология ғылымының дамуына қосқан үлесі жайында атап өткен ол, ТҮРКІСОЙ мен аталмыш орталықтың  көптеген салада бірігіп жұмыс жасай алатынын жеткізді. Сондай-ақ, бас хатшы «Профессор Николай Ф. Катанов жылы» аясында өткізілетін халықаралық ғылыми конференциялардың зерттеушілер үшін өзара байланыс орнатуға және тәжірибе алмасуға пайдасы зор екендігін баса айтты.    

Профессор Ли Шең Николай Катанов жылында өткізілетін іс-шаралардан бастау алатын екі жақты қарым-қатынасқа оң көзбен қарайтынын білдірді. Сонымен қатар, түрік және қытай тілдерінде «Қытайдағы түркі тілдес халықтардың тарихы және қазіргі жағдайы» атты ортақ академиялық еңбектің  қажет екенін де тілге тиек етті. Сондай-ақ, аталмыш академиялық еңбектің жобасын қытайлық зерттеушілердің атсалысуымен «Түркиядағы Қытай жылы» болып бекітілген 2012 жылы дайындай алатындықтарын, ал келесі «Қытайдағы Түркия жылы» аясында бұл еңбекті жарыққа шығаруға болатындығын айтты.

Соңғы жаңалықтар