ҚХЛ: «Нефтехимик» «Барыстан» есе қайтарды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 12 қыркүйекте елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейдің Нижнекамск қаласының «Нефтехимик» командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуде алғашқы шайбаны «Барыс» ойыншылары енгізді. Оны Даррен Диц өзінің еншісіне жазды. Бұл кезде небәрі 1-минут қана өткен болатын. Одан кейін 7-минутта «Нефтехимик» сапынан Микаэль Руохомаа мергендік танытып, таразы басын теңестірді. Ал 17-минутта «Барыс» хоккейшісі Роман Старченко қайтадан өз командасын алға шығарды. Есеп 2:1.

Екінші кезеңде қонақтар тағы да есепті теңестірді. Борис Михнов 21-минутта қанжығасын майлады. Бұдан кейін мұзайдын иелері екі шайба соғып, есепті үстемелей түсті. Ойынның 32-минутында «Барыс» хоккейшісі Кертис Валк қақпадан саңылау тапса, одан кейін 34-минутта Роман Старченко есеп айырмасын екі шайбаға жеткізді. Есеп 4:2. «Барыс» алда.

Дегенмен 41-минутта «Нефтехимик» сапынан Павел Куликов шайба соқты. Есеп 4:3. Қонақтар да жеңісті қолдан беруді қаламай, таразы басын теңестіруге барынша күш салды. Олар өз дегендеріне ойынның бітуіне небәрі 30 секунд қалғанда қол жеткізді. Мұзайдын иелерінің өрескел қателігін «Нефтехимик» хоккейшісі шебер пайдаланып кетті. Есеп 4:4. Осының салдарынан ойын овертаймға ұласты. Бұл жолы қонақтар мергендік танытып, қорытынды есепті белгіледі. Есеп 4:5. Осылайша «Барыс» үшінші ойын қатарынан қарсыластарына есе жіберіп қойды. «Нефтехимик» «Барыстан» апта бұрынғы жеңілісінің есесін қайтарды.

Енді «Барыс» елордада 14 қыркүйекте Нижний Новгород қаласының «Торпедо», 16 қыркүйекте Қазанның «Ақ барысымен» кездессе, 18 қыркүйекте Омбының «Авангард» командасын қабылдайды.

Естеріңізге сала кетелік, «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы кездесуін «Нефтехимик» командасымен өткізіп, оларды 6:1 есебімен жеңіп қайтқан еді.

Одан кейін «Барыс» Ресейдің Қазан қаласында «Ақ барыстан» 3:4 есебімен жеңіліп қалды.

Ал 9 қыркүйекте Ресейдің Нижний Новгород қаласында «Торпедомен» кездесіп, олармен негізгі кезеңде 6:6 есебімен тең ойнады. Овертаймда мұзайдын иелері бір шайба соғып, жеңіс «Торпедоға» бұйырды.

Соңғы жаңалықтар