ҚХЛ: «Барыс» жеңісті ойындар тізбегін жалғастырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойында Ресейдің Қазан қаласының «Ақ барыс» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

7 қыркүйекте қос команда Қазан қаласында өзара шеберлік байқасқан еді. Онда 4:3 есебімен «Ақ барыс» жеңіске жетті. Нәбәрі бір ғана шайбаны артық соққан Татарстан клубы «барыстықтардан» басым түсті. Сол жеңілістің қарымтасын қайтаруға «Барыс» хоккейшілері осы жолы барын салатыны белгілі еді.

Соған қарамастан алғашқы голды «Ақ барыс» соғып кетті. Бұл кездесудің небәрі 1-минуты болатын. Онда қазандық хоккейші Александр Бурмистров мергендік танытты. Ал 10-минутта «Барыстың» канадалық легионері Кёртис Валк таразы басын теңестірді. Бұдан кейін қос команда тарапынан да бірнеше шабуыл өрби түсті. Алайда, олардың ұйымдастырған шабуылдары өз нәтижесін берген жоқ.

Екінші кезең басталысымен «Ақ барыс» хоккейшілері есепте тағы да алға шықты. Екінші кезең басталғаннан кейін небәрі 26 секунд өткенде қазандық хоккейші Иржи Секач өз командасын алға шығарды. Осыдан соң шайба арада 16 минут өткенде тағы да біздің қақпаға соғылды. Бұл жолы Джастин Азеведудің мергендік танытты. Осыдан кейін «Барыс» өз қақпашысын ауыстырды. Бұған дейін қақпаны күзеткен Сергей Кудрявцевтың орнына мұз айдынға Доминик Граховин шықты.

Екінші кезең аяқталар тұста «Барыс» жігіттері жанкүйерлерге қуаныш сыйлап, есеп айырмасын қысқарта түсті. «Барыстың» канадалық ойыншысы Патрис Кормье 59-минутта қақпаны дәл көздеді. Есеп 2:3. «Ақ барыс» әлі де алда келеді.

Соңғы кезең басталғаннан екі команда шабуыл шебіне көбірек көңіл бөлді. Роман Старченко «Ақ барыс» ойыншылары қателігін шебер пайдалана білді. Соның нәтижесінде қақпашымен бетпе-бет шығуға мүмкіндік алды. Қақпаның ашық қалған тұсын дәл көздеді. Есеп 3:3. «Барыс» жігіттері біршама уақыт басымдыққа ие болды.

Дегенмен оны өз дегеніне пайдалана алған жоқ. Негізгі кезең 3:3 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда да жеңімпаз анықталған жоқ. Буллитте «Барыстың» мерейі үстем болды. Осылайша олар жеңісті ойындар тізбегін жалғастырды.

Естеріңізге сала кетелік, «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы кездесуін «Нефтехимик» командасымен өткізіп, оларды 6:1 есебімен жеңіп қайтқан еді. Одан кейін «Барыс» Ресейдің Қазан қаласында «Ақ барыстан» 3:4 есебімен ұтылды. Ал 9 қыркүйекте Ресейдің Нижний Новгород қаласында «Торпедомен» кездесіп, олармен негізгі кезеңде 6:6 есебімен тең ойнады. Овертаймда мұзайдын иелері бір шайба соғып, жеңіс «Торпедоға» бұйырды.  Ал 12 қыркүйекте елордада «Нефтехимик» 5:4 есебімен басым түсіп, апта бұрынғы жеңілісінің есесін қайтарып кетті. 14 қыркүйекте «Барыс» өз мұз айдынында Нижний Новгород қаласының «Торпедосымен» кездесіп, оларды 4:1 есебімен жеңіп, қатарынан үш жеңіліс сәтсіздігін тоқтатты.

Соңғы жаңалықтар