ҚХЛ: «Барыс» жартылай финалға шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасы плей-офф кезеңіндегі елордалық «Барыс» пен Нижний Новгородтың «Торпедо» командалары арасындағы жеңімпаз жетінші кездесуде анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұдан бұрынғы алты кездесуде екі команда үш-үш мәртеден жеңіске жеткен еді. Сондықтан жеңімпазды анықтау жетінші ойынға дейін жалғасты.

Алдымен «Барыс» командасы есеп ашты. Ойынның небәрі 1-минутында Даррен Диц қарсыластар қақпашысын қапы қалдырды. Дегенмен бірінші кезеңнің аяқ жағына таман «Торпедо» хоккейшісі Антон Волченков таразы басын теңестірді. Бұл кездесудің 16-минуты болатын.

Келесі екі шайба екінші кезеңде соғылды. Тағы да «Барыс» алға шықты. Кездесудің 32-минутында Мэттью Фрэттин мергендік танытқан еді. Дегенмен «Торпедо» командасы жеңісті қолдан бергісі келген жоқ. Көп ұзамай тағы да таразы басы теңесті. Бұл жолы Дмитрий Сёминнің қанжығасы майланды.

Үшінші кезеңде қос команда да алға ұмтылған еді. «Барыстың» да, «Торпедоның» да гол соғатын мүмкіндіктері болған. Десе де «Барыс» ойыншысы Даррен Диц өзінің жеке шеберлігімен қарсыластар қақпасынан саңылау тапты. Осылайша 3:2 есебімен алға шықты.

«Барыс» командасы енді жартылай финалда Омбының «Авангард» командасымен кездеседі. «Барыс» бұдан бұрын мұндай жетістікке 2013/2014, 2016/2017 жылғы маусымда қол жеткізген еді. Осылайша «Барыс» плей-офф кезеңінде шығыс конференциясының жартылай финалында үшінші мәрте ойнауға мүмкіндік алды.

Естеріңізге сала кетелік, 8 наурызда «Барыс» Нижний Новгордта «Торпедодан» 1:3 есебімен жеңіліп қалған еді.

Айта кетейік, «Барыс» пен «Авангард» арасындағы ойындар сериясы 14 наурызда Астанада басталады. Одан кейінгі кездесу де елордада 16 наурызда болады. Келесі екі ойын 18 және 20 наурызда Омбы қаласында өтеді. Төрт кездесуде жеңімпаз анықталмаған жағдайда командалар 22 наурызда Астанада, 24 наурызда Омбыда шеберлік байқасады. Алты ойында жеңімпаз белгілі болмаса соңғы кездесу тағы да Астанада 28 наурызда өтеді.

«Барыс» биыл құрлықтық хоккей лигасында «Авангардтан» төрт кездесуде де жеңіліп қалған еді. Сондай-ақ, соңғы алты кездесуде омбылық клуб біздің командадан басым түсті.

Соңғы жаңалықтар