ҚХЛ: «Барыс» жартылай финалдан аса алмады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасы Шығыс конференциясында плей-офф кезеңінің жартылай финалынан аса алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың бұл сатысында олар Омбының «Авангард» командасымен бақ сынасқан еді. Астанада өткен бүгінгі кездесуде Шығыс конференциясындағы финалға шығатын команда анықталуы мүмкін болатын. Алғашқы төрт кездесудің нәтижесі бойынша «Авангард» ойындар сериясында алда тұрды.

Екі команда арасындағы алғашқы екі кездесу Астана қаласында өтті. Алғашқы ойында «Авангард» біздің команданы 3:1 есебімен жеңіп кетті. Одан кейін «Барыс» жігіттері 4:2 есебімен тізе бүктірді. Осылайша, ойындар сериясындағы таразы басы теңесті. Үшінші кездесуде омбылық клуб 5:0 есебімен жеңіске жетіп, ойындар сериясында тағы да алға шықты. Одан кейін омбылықтар 3:1 есебімен кезекті рет жеңіске жетті. Нәтижесінде, «Авангард» ойындар сериясында 3:1 есебімен алға шыққан еді.

Бүгінгі кездесуде «Авангард» жеңіске жетсе, олар жарысты жалғастыруға мүмкіндік алатын еді. Ал «Барыс» басым түссе, ойындар сериясы кем дегенде тағы бір ойынға ұзарады. Сондықтан елордалық клуб хоккейшілері бұл кездесуге барын салатыны белгілі болатын.

Ойын барысында алғашқы шайбаны айдын иелері соқты. Елордалық хоккейші Мэттью Фрэттин 10-минутта өз командасын алға шығарды. Ал келесі шайба екінші кезең бастала салысымен соғылды. Бұл жолы тағы да Мэттью Фрэттин мергендік танытты. Дегенмен, одан кейін біздің жігіттер бір минуттың ішінде қақпаға екі шайба жіберіп алды. Ойынның 23-минутында алдымен Никита Пивцакин есеп айырмасын қысқартса, одан кейін Кирилл Петров таразы басын теңестірді. Бұдан кейін «Авангард» екі мәрте ойыншылар саны басымдығына ие болды. Алдымен 35-минутта омбылық Тэйлор Бек шайба соқса, араға бір минут салып командалас әріптесі Сергей Широков есепті үстемелей түсті.

Үшінші кезеңде Максим Чудинов тағы бір шайба соғып, есепті одан әрі ұлғайта түсті. Соңғы минутта «Барыс» сапынан Никита Михайлис есеп айырмасын қысқартты. Бүгінгі кездесуде «Авангард» «Барыстан» 5:3 есебімен басым түсті. Осылайша, омбылықтар ойындар сериясында 4:1 есебімен жеңіп, жарыстың келесі сатысына жолдама алды.

«Барыс» жарыстың бұл сатысына өз тарихында үшінші мәрте шыққан еді. Елордалық клуб 2013/2014 және 2016/2017 жылғы кезеңдерде жанкүйер қауымын осындай жоғары жетістігімен қуантқан болатын. Дегенмен, екеуінде де одан әріге аса алған жоқ.

Соңғы жаңалықтар