ҚХЛ: «Барыс» «Йокеритті» тізе бүктірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» бес күндік үзілістен кейін құрлықтық хоккей лигасындағы ойындарын қайта жалғастырды. Астаналық команда бүгін Финляндия астанасы - Хельсинки қаласында жергілікті «Йокерит» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемдік хоккейде Финляндия хоккейшілері жоғары бағаланады. Аталмыш елдің құрамасы талай мықты қарсыласымен терезесі тең деңгейде ойын көрсетеді. Оны жанкүйер қауым жақсы біледі. Сол фин елінің намысын қорғап жүрген «Йокерит» те құрлықтық хоккей лигасында жақсы нәтижеге қол жеткізіп келеді. Олар аталмыш бәсекеге 2014/2015 жылғы кезеңнен бері қатысып жүр. Содан бері Гагарин кубогында екі мәрте жартылай финалға жетсе, екі мәрте ширек финалда бақ сынады. Биылғы жылы да жалпы турнир кестесінде алдыңғы орындарда келеді.

«Йокерит» соңғы төрт ойында жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ. Бір кездесуінде сыртта, қалғанын өз айдынында өткізді. Ал біздің «Барыс» өз айдынында өткізген үш кездесуінің барлығында қарсыласына есе жіберіп қойды. Алдымен 14 қарашада Хабаровскінің «Амурынан» негізгі кезеңде, Мәскеудің «Динамосынан» овертаймда, сондай-ақ Уфаның «Салават Юлаевынан» 0:3 есебімен  жеңіліп қалды . Дегенмен олардың биыл жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүргенін айта кетуіміз қажет. Осының нәтижесінде турнир кестесінде алдыңғы ондықта келеді.

Бүгінгі кездесуде қос команда да шабуыл шебіне көбірек көңіл бөлді. Десе де айдын иелері тарапынан дөрекі қимылдар көбірек көзге түсті. Осының салдарынан олардың қатарынан Виктор Лёв пен Мика Ниеми айдыннан қуылды. Дегенмен «Барыс» ойыншылар саны басымдығын пайдалана алған жоқ. Бірінші кезең тең нәтижемен аяқталды.

Екінші кезең астаналық хоккейшілер үшін сәтті басталды. Айдын иелерінің өрескел қателігін шебер пайдалана білген «Барыс» ойыншысы Әлихан Әсетов қақпашымен бетпе-бет шықты. Ешбір асып-саспастан шайбаны қақпаға дәл түсірді. Осылайша ол өзінің голдарының санын көбейте түсті. Бұдан кейін «Йокерит» те біздің қақпа маңында жиі бой көрсетті.

Үшінші кезеңнің айдын иелері сапынан  Брайан О'Нилл 49-минутта таразы басын теңестірді. Тіпті, олардың қарқыны соңғы минутта ерекше күшейіп кетті. Біздің команда сапынан Константин Климонтов айдыннан қуылып, олар қарқынын одан әрі арттырды. Дегенмен ойынның негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталып, ойын овертаймға ұласты.

Овертаймда да жеңімпаз анықтала қойған жоқ. Кездесу тағдыры буллит арқылы шешілетін болды. Буллитте «Барыс» сапынан Даррен Диц ойынның нүктесін қойды. Есеп - 2:1. Осылайша «Барыс» үш жеңілістен кейін қайтадан жеңіске жетті.

Енді «Барыс» екі ойынын сырт айдында өткізеді. Алдымен 25 қарашада Ярославльдің «Локомотив» (Ресей) және 27 қарашада Череповецтің «Северсталь» (Ресей) командаларымен кездеседі. Ал 1 желтоқсанда өз айдынында Екатеринбургтің «Автомобилист» клубын қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар