ҚХЛ: «Барыс» үш ойын қатарынан жеңілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті турда өз айдынында Уфаның «Салават Юлаев» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барыс» пен «Салават Юлаев» бүгінгі күнге дейін 38 мәрте кездесті. Олардың 23-і уфалық команданың басымдығымен аяқталды. Ал 15-і біздің жігіттердің пайдасына шешілді. Соңғы екі кездесуде уфалық қарсыласымыз жеңіске жетті. Сондықтан «Барыс» хоккейшілері бүгінгі кездесуде барын салары анық еді. Оған қоса 22 қыркүйекте астаналықтар Уфада аталмыш қарсыласынан 3:7 есебімен ойсырай жеңілген болатын. 

Қос команда да бірінші кезеңді қарқынды бастады. Әсіресе, айдын иелерінің белсенділігі аңғарылып тұрды. «Барыс» бірнеше қауіпті сәттерді ұйымдастырды. Соған қарамастан шабуылды түйіндей алған жоқ. Бірінші кезеңде «Барыс» екі мәрте сан басымдығына ие болды. Дегенмен оны өз пайдасына жарата алмады.

Екінші кезең бастала салысымен уфалық хоккейшілер  шабуылды үдетті. Ойынның 23-минутында Теэму Хартикайнен есеп ашты. Оған Линус Умарк пен Дмитрий Кугрышев әдемі пас шығарып берген еді. Бұл сәтте «Салават Юлаев» бір хоккейшімен артық ойнап жатты. Біздің командадан Константин Климонтов айдыннан қуылған болатын. Ал 34-минутта Максим Майоровтың пасынан кейін Павел Коледов есепті үстемелей түсті. Есеп - 2:0. Екінші кезең «Салават Юлаевтың» басымдығымен аяқталды.

 Соңғы кезеңде «Салават Юлаев» сапынан Артем Сергеев «Барыс» қақпасын дәл көздеді.  Есеп 3:0. «Салават Юлаев» жеңіске жетті. Осылайша «Барыс» қатарынан өз айдынындағы үш ойында қарсыластарына есе жіберді. 

«Барыс» өз айдынында бұған дейін екі кездесу өткізді. 1 қарашада Хабаровскінің «Амурынан», Мәскеудің «Динамосынан» овертаймда 2:3 есебімен   жеңіліп қалды.

Енді «Барыс» үш ойынын сырт айдында өткізеді. Алдымен 23 қарашада Хельсинкидің «Йокеритімен» (Финляндия) ойнаса, одан кейін 25 қарашада Ярославльдің «Локомотив» (Ресей) және 27 қарашада Череповецтің «Северсталь» (Ресей) командаларымен кездеседі. Ал 1 желтоқсанда өз айдынында Екатеринбургтің «Автомобилист» клубын қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар