ҚХЛ: «Барыс» «Трактордан» басым түсті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» бүгін құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуін Челябінің «Трактор» командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі команда биыл екі мәрте кездесіп үлгерді. Алдымен 18 қазанда «Барыс» Челябіде «Тракторды» овертаймда 5:4 есебімен тізе бүктірген еді.

Одан кейін 1 қарашада «Трактор» елордада есе қайтарып, біздің команданы овертаймда 4:3 есебімен жеңіп кетті.

Бүгінгі ойын қос команданың үшінші мәрте кездесуі.

«Трактор» жалпы турнир кестесінде 33 ұпаймен 16-орында келеді. Ал «Барыс» 46 ұпаймен 9-орында тұр. Айта кетерлігі, «Трактор» соңғы үш кездесуде жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ. Елордалық клуб соңғы кезде ала-құла ойынымен жанкүйерлерді қуанта алмай жүргені белгілі.

Бүгінгі кездесудің бірінші кезеңінде екі шайба соғылды. Есепті алдымен «Трактор» командасын ашты. Челябілік клуб сапынан Александр Рыбаков 7-минутта біздің қақпадан саңылау тапты. Осылайша өз командасын алға шығарды. Ал 14-минутта «Барыс» хоккейшісі Валерий Орехов таразы басын теңестірді.

Екінші кезең тартысқа толы болды. Екі командада да есепті ұлғайтатын сәттер кездескен еді. Дегенмен хоккейшілер ол мүмкіндіктерді өз пайдасына жарата алған жоқ.

Үшінші кезеңде «Барыс» шабуыл шебін күшейтті. Алдымен 2 мәрте «Трактор» сапынан Егор Дугин мен Дмитрий Алексеев айдын үстіндегі дөрекі қимылдарына байланысты екі минуттық айыппен жазаланды. Бұл мүмкіндікті біздің жігіттер өздерінің пайдасына жарата алған жоқ. Ал 51-минутта Александр Рыбаков айдыннан қуылды. Бұл жолы «Барыс» сапынан Валерий Орехов тағы да мергендік танытып, өз командасын алға шығарды. Соңғы минутта «Трактор» қақпашыны ойыншыға алмастырды. «Барыс» сапынан Павел Акользин бос қақпаны дәл көздеді. Осылайша «Барыс» «Тракторды» 3:1 есебімен жеңді.

Бұған дейін «Барыс» өз айдынындағы екі кездесуде 1 желтоқсан күні Екатеринбургтің «Автомобилистіне» 2:7 есебімен есе жіберсе,

3 желтоқсанда Магнитогорскінің «Металлургін» 3:2 есебімен жеңді.

Енді «Барыс» сыртта үш ойын өткізеді. 8 желтоқсанда Владивостоктың «Адмирал», 10 желтоқсанда Хабаровскіде «Амур», 12 желтоқсанда Қытайда «Куньлунь Ред Стар» командаларымен кездеседі. Ал 18 желтоқсанда елорадада Череповецтің «Северсталь» командасын қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар