ҚХЛ: «Барыс» «Торпедоны» жеңе ала ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңінде Нижний Новгород қаласының «Торпедо» командасымен ойындар сериясын бүгін Астанадағы кездесуден бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Торпедо» командасы 1946 жылы құрылған. Кеңес одағы кезінде түрлі лигаларда бақ сынады. 2008 жылға дейін Ресей біріншілігінде ойнады. Сол жылдан бері құрлықтық хоккей лигасында сынға түсіп келеді. Соңғы алты жылда тұрақты түрде жарыстың плей-офф сатысына шығып жүр. 2015/2016 жылғы кезеңде Батыс конференциясында жартылай финалға дейін жетті.

«Барыс» пен «Торпедо» командалары бұған дейін құрлықтық хоккей лигасында 24 мәрте кездесті. Оның ішінде 13-і «Барыстың» басымдығымен аяқталды. Елордалық клуб аталмыш қарсыласының қақпасына 71 шайба соқса, өз қақпасына 68 шайба жіберіп алған.

Қалғанында «Торпедо» басым болды. Биыл қос құрама екі мәрте кездесті. 2018 жылдың 9 қыркүйегінде Нижний Новгородта «Торпедо» астаналық клубты овертаймда 6:5 есебімен жеңді. «Барыс» сол жылдың 14 қыркүйегінде Астанада аталмыш қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсті.

Биыл «Барыс» жанкүйер сенімінен шыға алатын деңгейде ойын көрсетті деуге толық негіз бар. Елордалық клуб Чернышев дивизионында бірінші орын алды. Сондай-ақ, шығыс конференцияда екінші болды.

Сондықтан қазақстандық жанкүйерлер «Барыстан» жоғары нәтиже күтеді. Оған барлық мүмкіндік бар. Ойыншылардың барлығы дерлік алдағы ойындарға дайын. Дегенмен қорғаушы Кевин Даллман бұл кездесулерде «Барысқа» көмектесе алмайды. Есесіне Мэтт Фрэттин айдынға қайта оралады. Ал Кертис Волк әлі жарақатынан толық жазыла қойған жоқ. Бұл жайында «Барыстың» бас бапкері Андрей Скабелка баяндап берді. Ол қақпада негізінен Хенрик Карллсон қорғайтынын айтты. Расында да, ол көптеген ойындарда қақпаны сенімді түрде күзете білді.

Букмекерлік компаниялар аталмыш жекпе-жекте «Барыс» командасы жарысты жалғастыруға мүмкіндік алады деген болжам жасауға басымдық беріп отыр. Ойындар сериясы екі команданың бірінің төрт жеңісіне дейін жалғасады.

Естеріңізге сала кетелік, 26 және 28 ақпан күндері екі команда Астанада ойнаса, 2 және 4 наурызда матчтар Нижний Новгордта жалғасады. Кейін 6 наурызда Астанада, одан кейін 8 наурызда Нижний Новгородта болады. Алты кездесуде жеңімпаз анықталмаған жағдайда соңғы шешуші ойын елорда төрінде өткізіледі.

Бүгін, 26 ақпан күнгі кездесу Астана уақытымен 19.30-да басталады. Ойын «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар