ҚХЛ: «Барыс» «Торпедоны» тағы да қапы қалдырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасы плей-офф кезеңіндегі екінші кездесуін Нижний Новгородтың «Торпедо» командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі күн бұрын «Барыс» аталмыш қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсті.

Сондықтан «Торпедо» бүгінгі ойында есе қайтаруға тырысатыны белгілі еді. Нижний Новгород қаласының командасы дәл солай жасауға барын салды.

Кездесу басталғанда қос команда да ойын тізгінін өз қолында ұстауға тырысты. Көп жағдайда «Барыстың» басымдығы байқалып тұрды. Дегенмен олар қорғаныс шебінде қателікке жиі бой алдырды. Сондай сәттің бірінде «Торпедо» хоккейшісі Антон Волченковтың қанжығасы майланды.

Осылайша ресейлік команда алға шықты. Бұдан кейін «Барыс» жігіттері шабуылда көбірек бой көрсетті. Алайда дегеніне жете алған жоқ. Есесіне бірінші кезеңнің соңына таман «Торпедо» тағы бір шайба соғып кетті. Бұл гол 18-минутта Михаил Варнаковтың еншісіне жазылды.

Екінші кезеңде «Торпедо» басымдығын арттыра түсті. Екінші кезеңнің басталғанына бір минут өтпестен Роберт Саболич біздің қақпадан саңылау тапты. Ол 26-минутта есепті бұдан да ұлғайта түсті. Осылайша таблода «Торпедоның» басымдығын көрсеткен 0:4 есебі жазылып тұрды. Ойын барысында елордалық хоккейшілердің шабуылы көбірек өрбіп жатты. Десе де қорғаныс шебіндегі қателік көзге анық көрінді. Соғылған шайбаның барлығы осындай қателіктер салдарынан болды. Өз қақпасына төрт шайба соқтырып алған «Барыс» енді алға ұмтылмаса, жеңістің ауылы ұзап кететінін анық түсінді. Нәтижесінде 28-минутта Антон Сагадеев қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Ал 32-минутта Дмитрий Шевченко есеп айырмасын қысқартты. Есеп 2:4.

Үшінші кезеңде «Барыс» хоккейшілері алға ұмтылды. Дегенмен өз ойлағандарын жүзеге асыра алған жоқ. Кейбір уақытта сәттілік жетіспей жатты. Ал 54-минутта «Барыс» сапынан Даррен Диц «Торпедо» қақпасынан саңылау тапты. Есеп 3:4. Енді біздің командаға таразы басын теңестіруге мүмкіндік туды. «Барыс» хоккейшісі Мэттью Фрэттин 59-минутта таразы басын теңестірді. Елордалық жігіттер 0:4 есебімен жеңіліп жатып, осылайша есепті теңестіруге мүмкіндік алды. Ойын овертмайға ұласты. Жеңіс шайбасын Роман Старченко соқты. Осылайша «Барыс» қарсыласынан екінші ойын қатарынан басым түсті.

Естеріңізге сала кетелік, плей-офф кезеңі екі команданың бірінің төрт жеңісіне дейін жалғасады. «Барыс» пен «Торпедо» енді 2 және 4 наурызда матчтар Нижний Новгордта кездеседі. Алғашқы төрт кездесуде жеңімпаз анықталмаған жағдайда 6 наурызда Астанада, одан кейін 8 наурызда Нижний Новгородта ойындар болады. Алты кездесуде жеңімпаз анықталмаған жағдайда 10 наурызда соңғы шешуші ойын елорда төрінде өткізіледі.

Соңғы жаңалықтар