ҚХЛ: «Барыс» «Спартакқа» есе жіберді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде Мәскеудің «Спартак» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі команда биылғы додада екінші мәрте кездесіп отыр. Қаңтардың 3-і күні Мәскеуде «Барыс» аталмыш қарсыласын 3:2 есебімен тізе бүктірді.

«Спартак» та плей-офф кезеңіне шығуға күш салып келеді. Бүгінгі кездесу тартысты өрбитіні белгілі еді.

Ойын «Барыс» үшін сәтті басталды деуге негіз бар. Алғашқы 7 минутта біздің хоккейшілер қарсыластар қақпасына үш шайба соғып үлгерді.

Кездесу басталғаннан кейін небәрі 29 секунд өткенде Виктор Сведберг есеп ашты. Ал 5-минутта Мэттью Фрэттин есепті үстемелей түсті. Ойынның 7-минутында Андре Петерссон үшінші шайбаны соғып, жанкүйерді желпіндіре түсті.

Дегенмен одан кейін «Спартак» командасы жинақы қимылдай білді. Әуелі Илья Талалуев 11-минутта алғашқы шайбаны соқса, сосын 12-минутта Анатолий Никонцев мергендік танытты. Мәскеулік команда тағы екі шайбаны екінші кезеңде соғып кетті. Алдымен 23-минутта Егор Круженков «Барыс» қақпасынан саңылау тапты. Есеп 3:3.

Осылайша «Спартак» үш шайба айырмасымен жеңіліп жатып, ойын барысында таразы басын теңестірді. Ал 24-минутта олар алға шықты. «Спартак» сапынан Алексей Гришин біздің қақпаны дәл көздеді. «Барыс» хоккейшісі Антон Сагадеев сол 24-минутта таразы басын қайта теңестірді. Ойынның 35-минутында «Барыс» қақпашысы Доминик Граховина өрескел қателік жіберіп, «Спартак» сапынан Анатолий Никонцев бос қақпаға шайба соқты. Есеп 4:5.

Үшінші кезеңде «Барыс» басым ойнағанымен, таразы басын теңестіре алмады. Нәтижесінде «Спартак» 5:4 есебімен жеңіске жетті.

Еске салайық, «Барыс» бұдан бұрын өз айдынында үш кездесу өткізді. Алдымен 8 қаңтарда Хабаровскінің «Амур» командасынан 4:2 есебімен басым түсті, одан кейін Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» клубынан 1:3 есебімен жеңіліп қалды. Ал «Барыс» 15 қаңтарда Сочидің «Сочи» командасын буллитпен 3:2 есебімен жеңді.

«Барыс» енді Астанада бір ойын өткізеді. Елордалық клуб 17 қаңтарда Уфаның «Салават Юлаев» командасын қабылдайды.

Құрлықтық хоккей лигасы негізгі кезеңі аяқталуына бір айдан астам уақыт қалды. Бұл аралықта «Барыс» 14 ойын өткізеді. Оның 8-і сырт айдында болса, 6-уы Астанада ойналады. Одан кейін плей-офф кезеңіне шыққан командалар Гагарин кубогын сарапқа салады.

Фото: www.hcbarys.kz

Соңғы жаңалықтар