ҚХЛ: «Барыс» СКА командасынан жеті ойын қатарынан жеңілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде Санкт-Петербургтің СКА командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СКА командасы құрлықтық хоккей лигасындағы үздіктер қатарында саналады. Жылма-жыл жоғары деңгейде ойын өрнегін көрсетіп келеді. Екі мәрте Гагарин кубогын еншіледі. Биыл да турнир кестесінде көш басында тұр.

Құрлықтық хоккей лигасында екі команда 20 мәрте кездескен еді. Оның ішінде төртеуі біздің команданың жеңісімен аяқталды. Қалған ойындарда СКА басымдық танытты.

Айта кетерлігі, «Барыс» 2015 жылғы 2 қазаннан бері аталмыш қарсыласын жеңе алмай келеді. Соңғы 6 кездесудің барлығында СКА басымдық танытты. Биылғы 24 қаңтарда Санкт-Петербургте өткен ойында да айдын иелері буллиттен 3:2 есебімен жеңіске жетті https://kaz.inform.kz/news/khl-barys-koshbasshy-komandadan-zhenilip-kaldy_a3491535.

«Барыс» сол кеткен есені қайтаруға тырысты. Біздің команда алғашқы минуттан ойын тізгінін қолға алуға ұмтылды. Қарсыластар қақпасы маңында жиі шабуыл да ұйымдастырды. Елордалық клуб 1-минутта есеп ашты. Оны «Барыс» сапынан Андре Петерсон соқты. Дегенмен бірінші кезең қарсыластар басымдығымен аяқталды. Ойынның 11-минутында СКА сапынан Наиль Якупов мергендік танытса, 16-минутта Павел Дацюк есепті үстемелей түсті. Есеп 1:2. Қарсыластар алға шықты.

Екінші кезеңде «Барыс» тағы да өз қақпасына шайба жіберіп алды. Ойынның 23-минутында қарсылас команда қатарынан Наиль Якупов шайба соғып кетті. Бұдан кейін айдын иелері ес жиғандай болды. СКА хоккейшілері жиі-жиі дөрекі әрекеттерге бой алдырды. Олардың қатарынан айдыннан қуылғандар көбейіп кетті. Ойыншылар басымдығын сәтті пайдаланған «Барыс» 31-минутта есеп айырмасын қысқартты. Есеп 2:3. Соғылған шайба айдын иелерінің қарқынын үдете түсті.

Үшінші кезеңде «Барыс» шабуылға шықты. Дегенмен астаналық клуб ойыншылары діттеген мақсатына жете алмай жатты. Соңғы 2 минутта айдын иелері қақпашыны алтыншы ойыншыға алмастырды. Дегенмен есеп өзгерген жоқ. СКА «Барыстан» 3:2 есебімен басым түсті.

Естеріңізге сала кетелік, 29 қаңтарда «Барыс» Новосібірде жергілікті «Сибирь» командасынан овертаймда 2:3 есебімен жеңіліп қалған еді.

Енді «Барыс» Астанада бес ойын өткізеді. Алдымен 2 ақпанда Финляндияның «Йокерит» командасын қабылдаса, 4 ақпанда Уфаның «Салават Юлаев» клубымен шеберлік байқасады. Одан кейін «Барыс» 12 ақпанға дейін ешқандай ресми кездесу өткізбейді.

Фото: www.hcbarys.kz

Соңғы жаңалықтар