ҚХЛ: «Барыс» «Сибирьден» жеңіліп қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде Новосібірдің «Сибирь» командасынан жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барыс» жарыстың плей-офф кезеңіне бірнеше тур бұрын қол жеткізіп қойған еді. Соған қарамастан әрбір ойында жанкүйер сенімінен шығуға күш салып келеді. Ал «Сибирь» болса әзірге мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алмай отыр. Жалпы турнир кестесінде 18 орында тұр. Турнир кестесіндегі алғашқы 16 орындағы командалар плей-офф кезеңіне шығып, Гагарин кубогын сарапқа салады.

Бүгінгі кездесуді жоғары қарқында өтті деп айтуға болады. Екі команда шабуылға көбірек көңіл бөлді. Дегенмен есепті алғаш болып айдын иелері ашты. Ойынның 32-минутында Джордан Кардон біздің қақпадан саңылау тауып кетті. Бұдан кейін қос команда тарапынан шайба соғатын бірнеше мүмкіндік болды. Десе де олардың барлығы қақпаға дари қойған жоқ. Ал 54-минутта «Барыс» таразы басын теңестірді. Бұл жолы Максим Семенов мергендік танытты. Осының нәтижесінде ойын овертаймға ұласқан еді.

Овертаймда айдын иелерінің жолы болды. Новосібір командасы сапынан 61-минутта Жильбер Брюле жеңіс шайбасын соқты. Осылайша «Барыс» қарсыласына есе жіберіп қойды.

Елордалық клуб енді 31 қаңтарда Астанада Санкт-Петербургтің СКА командасын қабылдайды. «Барыс» олардан 24 қаңтарда овертаймда 2:3 есебімен жеңіліп қалған болатын.

Соңғы жаңалықтар