ҚХЛ: «Барыс» «Северсталь» командасын тізе бүктірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астаналық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынында елордада Череповецтің «Северсталь» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барыс» биыл бұған дейін «Северсталь» командасымен Череповецте кездесті. Ол ойында біздің команда 5:3 есебімен басым түсті.

Жалпы, екі команда бүгінгі күнге дейін 20 мәрте кездескен. Оның ішінде 10-ы «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында «Северсталь» жеңіске жетті. Бұл жөнінен екі команда бір-бірімен қатарлас тұр.

Бүгінгі кездесуде «Барыстың» басымдығы аңғарылып тұрды. Дегенмен бірінші кезеңде айдын иелері қарсыластар қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Алғашқы гол екінші кезеңнің 30-минутында соғылды. Оны Кевин Даллмэннің пасынан кейін Никита Михайлис шебер орындай білді. Бұдан кейін екі команда да гол соғатын мүмкіндіктер болды. Дегенмен ол діттеген жеріне жетпей жатты.

Бүгінгі кездесуде екі команда да дөрекі қимыл көрсете қойған жоқ. Айдыннан қуылған ойыншылар саны аз болды.

Ойынның соңғы минуттары «Барыс» үшін сәтті болды. Мәселен, 57-минутта Патрис Кормье мергендік танытты. Ал соңғы минутта «Северсталь» қақпашыны ойыншыға алмастырды. Осының салдарынан қақпа бос қалды. Оны Никита Михайлис шебер пайдаланып, бос тұрған қақпаға шайбаны емін-еркін соғып кетті. Осылайша «Барыс» қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсті.

Еске салайық, бұған дейін «Барыс» сырт айдында Владивостоктың «Адмиралын» 3:1 есебімен тізе бүктірген болатын.

Ал 10 желтоқсанда Хабаровсктің «Амурынан» 1:2 есебімен жеңіліп қалды.

Одан кейін 12 желтоқсанда Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасын 4:1 есебімен жеңді.

Енді «Барыс» екі ойынын өз айдынында өткізеді. Алдымен 20 желтоқсанда Ярославльдің «Локомотив», 22 желтоқсанда Владивостоктың «Адмирал» командаларымен кездеседі. 28 желтоқсанда сырт айдында Челябінің «Тракторымен» шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар