ҚХЛ: «Барыс» «Северсталь» клубын ірі есеппен жеңді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде Ресейдің «Северсталь» командасынан басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі қарсылас команда құрлықтық хоккей лигасы ойындарын ала-құла өткізіп келеді. Нәтижесінде турнир кестесінде 24 команда арасында 18-орында тұр. Ал «Барыс» соңғы алты ойынның бесеуінде жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып алды. Бүгінге дейін олар 11-орында келеді.

«Барыс» хоккейшілері бүгін сенімді ойын көрсетті. Бірінші кезеңнің өзінде айдын иелері қарсыластар қақпасын екі мәрте дәл көздеді. Ойынның 1-минутында Кёртис Валк өз командасын алға шығарса, одан кейін 2-минутта Эрик Тангрэди есепті үстемелей түсті.

Екінші кезеңде де елордалық хоккейшілердің басымдығы байқалып тұрды. Толассыз шабуылдың нәтижесінде Роман Старченко 24-минутта мергендік танытты. Бұдан кейін «Северсталь» сапынан Адам Лишка 35-минута есеп айырмасын қысқартқан еді.

«Барыс» хоккейшілері үшінші кезеңде де қарсыластар ығына жығыла қойған жоқ. Қазақстандық команда қатарынан Эрик Тангрэди 56-минутта тағы бір мәрте шайба соғып кетті. Ал ойынның бітуіне небәрі 13 секунд қалғанда ол қорытынды есепті белгіледі. Осылайша «Барыс» қарсыласынан 5:1 есебімен басым түсті.

Бұдан бұрын «Барыс» елордада Нижний Новгородтың «Торпедо» клубын 2:1 есебімен жеңді.

«Барыс» командасы енді екі ойынын сырт айдында өткізеді. Олар 9 қазанда Ресейдің «Салават Юлаев» (Уфа), 11 қазанда «Сибирь» (Новосібір) командаларымен кездеседі.

Соңғы жаңалықтар