ҚХЛ: «Барыс» «Салават Юлаевтан» ойсырай жеңілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасында елорданың «Барысы» кезекті ойынын сырт айдында Ресейдің «Салават Юлаев» командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барыс» аталмыш кездесуді өте сәтсіз өткізді. «Салават Юлаев» алғашқы голды небәрі 49-секундта соғып үлгерді. Ал 15-минутта «Барыс» сапынан Андре Петерсон таразы басын теңестірді. Бірінші кезең аяқталар тұста, дәлірек айтқанда, 18-минутта мұз айдын иелері сапынан Тезму Хартикайнен шайба соғып, өз командасын есеп басымдығына жеткізді.

Екінші кезеңде біздің жігіттер өз қақпасына бес шайба жіберіп алды. «Салават Юлаев» сапынан 21-минутта Артем Сергеев есепті 3:1-ге жеткізсе, 25-минутта Тезму Хартикайнен тағы бір голдың авторы атанды. Одан кейін Филип Ларсен 27, Пинус Умарк 31, Йоона Кемппайннен 35-минутта бір-бірден шайба соқты. Осылайша таблода 7:1 есеп жанып тұрды.

Үшінші кезеңде «Барыс» ес жинаған секілді. Екі шайба енгізіп, есеп айырмасын қысқартты. Атап айтқанда, 46-минутта Никита Михайлис, 53-минутта Дмитрий Шевченко мергендік танытты. Есеп 7:3. Оын осы есеппен аяқталды.

«Барыс» алдағы үш ойынын сыртта өткізеді. 24 қыркүйекте Ресейде Мәскеудің «Динамосымен» кездессе, 26 қыркүйекте Подольскінің «Витязьімен» шеберлік байқасады. Ал 29 қыркүйекте Латвияның Рига қаласының «Динамо» клубымен шеберлік байқасады. 

Фото:hcbarys.kz

Соңғы жаңалықтар