ҚХЛ: «Барыс» плей-оффтың 1/2 финалына өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасы плей-офф сатысының ширек финалында Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасымен бесінші ойынын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылғы плей-офф сатысында екі команда бұған дейін төрт мәрте кездесті. Ойындар сериясында «Барыс» 3:1 есебімен алға шыққан еді.

Бүгінгі кездесу тартысты өтетіні анық болатын. Жарыс талабы бойынша турнирдің аталмыш сатысы команданың біреуі төрт жеңіске жеткенге дейін жалғасады. Жеңіске жеткен жағдайда елордалық клуб жартылай финалға жолдама алса, «Металлург» жарыс жолынан шығып қалатын.

Ойын басынан екі команда бірден шабуылға лап қойды. Нәтижесінде 3-минутта «Барыс» хоккейшісі Антон Сагадеев өз командасын алға шығарды. Ал 5-минутта «Металлург» сапынан Николай Кулёмин таразы басын теңестірді. Одан кейін елордалық клуб қатарынан үш шайба соғып кетті. Алдымен Даррен Диц 6-минутта мергендік танытса, 14-минутта Антон Сагадеев бүгінгі кездесудегі екінші шайбасының авторы атанды. Ал 25-минутта Павел Акользин есепті үстемелей түсті. «Металлург» сапынан Артём Минулин 28-минутта есепті айырмасын қысқартты. Ал 59-минутта елордалық Павел Акользин ойында хет-триктің авторы атанды. «Барыс» осылайша бүгін 5:2 есебімен жеңіске жетті. Нәтижесінде ойындар сериясында жеңісін төртеуге жеткізіп, плей-офф сатысының жартылай финалына жолдама алды.

Айта кетерлігі, «Барыс» құрлық хоккей лигасына биыл 12 мәрте қатысты. Соның онында плей-офф сатысының бақ сынады. 2014, 2017, 2019 жылдарда жарыстың екінші кезеңіне шықты.

Екі команда бұған дейін плей-офф сатысында екі мәрте жолықты. Екеуінде де ресейлік клубтың мерейі үстем болды. «Барыс» сол кеткен есені бүгін қайтарды.

Бүгінгі күнге дейін плей-офф сатысының жартылай финалына ресейлік «Ак Барс» (Қазан), СКА (Санкт-Петербург) және ЦСКА (Мәскеу) командалары жолдама алды. Олар жолдама тағдырын ертерек шешіп қойды. Жартылай финал ойындары 17 наурыздан басталады.



Соңғы жаңалықтар