ҚХЛ: «Барыс» плей-офф сатысында үшінші жеңісіне жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасындағы құрлықтық хоккей лигасын плей-офф сатысындағы төртінші кездесуін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұдан бұрынғы үш кездесудің екеуінде «Барыс» жеңіске жетсе, біреуінде «Металлургтің» мерейі үстем болды. «Барыс» алдымен елордада қарсыласынан 4:0 есебімен басым түссе одан кейін 0:3 есебімен жеңіліп қалды. Ал Магнитогорскіде өткен алғашқы кездесуде елордалық клуб 2:1 есебімен жеңіске жетті

Бүгінгі кездесуде екі команданың да белсенділігі айқын аңғарылып тұрды. «Металлург» жеңіске жеткен жағдайда ойындар сериясында таразы басын теңестіретін. Ал «Барыс» басым түссе, плей-офф сатысының келесі кезеңіне жақындай түседі. Сондықтан қос команда да алға қарай ұмтылды.

Ойынның 19-минутында «Барыс» хоккейшісі Антон Сагадеев қарсылас команда қақпашысын қапы қалдырды. Екінші кезеңде командалар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.

Үшінші кезеңнің 56-минутында елордалық хоккейші Дастин Бойд жеңіс шайбасын соқты. Осылайша елордалық клуб 2:0 есебімен жеңді.

Енді елордада 9 наурыз күні тағы бір ойын өткізіледі. Жарыс талабы бойынша кезеңнің аталмыш сатысы команданың біреуі төрт жеңіске жеткенге дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар