ҚХЛ: «Барыс» плей-офф сатысын жеңіспен бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасы плей-офф сатысында Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасымен алғашқы кездесуін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетерлігі, «Барыс» құрлықтық хоккей лигасына биыл 12 мәрте қатысты. Соның онында плей-офф сатысында бақ сынады. 2014, 2017, 2019 жылдарда жарыстың екінші кезеңіне шықты. Сондықтан биыл плей-офф кезеңінде одан да жоғары жетістікті бағындыру алға мақсат етіп қойылып отыр.

Елордалық клуб алғашқы минуттан ойын тізгінін қолға алуға тырысты. Нәтижесінде Кёртис Валк 13-минутта «Барыс» командасын алға шығарды. Бұдан кейін қос команданың да есепті өзгертетін мүмкіндігі болған еді. Дегенмен таблодағы есеп бірінші кезеңнің соңына дейін өзгеріссіз қалды.

Екінші кезең де тартысты өрбіді. Ойынның 28-минутында қазақстандық команда есепті ұлғайта түсті. «Барыс» сапынан 28-минутта Атте Охтамаа алыстан соққы жасап, қарсылас команда қақпашысын қапы қалдырып кетті.

Үшінші кезеңде командалар шабылды көбірек ұйымдастырды. Ал 59-минутта елордалық Ииро Пакаринен мергендік танытты. Ойынның бітуіне 49 секунд қалғанда «Барыс» хоккейшісі Даррен Диц тағы бір шайба соғып кетті.

Ойын барысында ресейлік хоккейшілер дөрекі қимылымен көзге түсті. Нәтижесінде қос команда ойыншылары бірнеше мәрте бір-біріне қол жұмсауға мәжбүр болды. Осылайша Ойында елордалық клуб 4:0 есебімен жеңіске жетті. «Барыс» плей-офф сатысын жеңіспен бастады.

Жарыс талабы бойынша кезеңнің аталмыш сатысында команданың біреуі төрт жеңіске жеткенге дейін созылады. Енді екі команда 3 наурызда елордада тағы бір ойын өткізеді. Ал 5 және 7 наурыз күндері екі матч Магнитогорск қаласында болады. Қажет болған жағдайда қосымша ойындар 9, 11, 13 наурыз күндері ойналады.


Соңғы жаңалықтар